Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жабайы жануарларды асырауға қатысты жаңа заңға қол қойды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Жаңа заңға сәйкес, жеке тұлғалардың жабайы жануарларды олардың табиғи тіршілік ету ортасынан тыс жерде қамап ұстауына немесе асырауына тыйым салынады. Бұл талапты бұзған азаматтарға 5-10 базалық есептік шама (90-290 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады.
Егер заңсыз асырап отырған жабайы жануар өзгенің денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірсе, айыппұл мөлшері 50 базалық есептік шамаға дейін (1440 АҚШ доллары) ұлғаяды.
Сонымен қатар, қаңғыбас жануарларды аулауға жауапты шенеуніктер міндеттерін орындамаса, оларға да жаза қарастырылған. Егер немқұрайлылық салдарынан адам денсаулығы немесе мүлкіне зиян келтірілсе, 30 базалық есептік шама (870 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, биылдан бастап Өзбекстанда цирктерде жабайы жануарларды пайдалануға толықтай тыйым салынды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!