«Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын». Халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтпақшы, журналист болу асқан жауапкершілікті қажет етеді. Оның қоғамдағы рөлі зор. Қаламды қару еткен жандардың еңбегі кейде бағаланса, ұмыт қалып жататын кездер бар. Әр елде журналистердің әлеуметтік мәртебесі әрқилы десек, қате айтқанымыз емес.

Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сүйенсек, АҚШ-та қарапайым журналист айына 3000 доллар таба алады. Бұл – 1 288 720 теңгеге жуық. Ұлыбританияда жылына 18 113 133, 21 теңгеге жуық, ал имиджі қалыптасқан журналистің жылына табатын орташа табыс көзі 30 188 555,35 теңгені құрайды. Көршілес Ресей мемлекетінде Журналистер одағы мүшелеріне, тіпті олардың отбасы мүшелері үшін демалу орындарында 20% жеңілдік қарастырылған. Өзбекстанда журналистер үшін министрлік атынан арнайы «Реформалар кезеңіндегі БАҚ» атты мемлекеттік тілде практикалық нұсқаулық шығарған. Аталған нұсқаулық журналистерге ақпаратты құқықтық тұрғыдан сауатты, дұрыс  жазуға көмектеседі. 2019 жылдың ақпан айында Өзбекстан Парламенті 1997 жылы қабылдаған, 2018 жылғы енгізілген түзетулерімен «Журналистердің кәсіби қызметін қорғау туралы» заңына журналистің құқығын қорғау тұрғысында түзетулер енгізді. Бакуде журналистерге арналған тұрғын үйлер салынған. Жапонның  әлемге танымал «Асахи Симбун» газеті қазіргі күнге дейін имиджін жоғалтқан емес, ақпаратты жылдам таратуда алдыңғы қатардағы БАҚ-қа кіреді. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттерде журналистердің мүддесі, олардың әлеуметтік мәртебесіне ерекше назар аударылып жатыр.

Біздің елімізде салыстырмалы түрде журналистер орта есеппен айына 169 мың теңгеге дейін табыс табады екен. Жақында белгілі қоғам қайраткері, Сенат депутаты, жерлесіміз Нұртөре Жүсіп журналист мәртебесі туралы арнайы Заң қабылдауды ұсынып, Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады.

«Еліміздегі БАҚ туралы Заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы Заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ», – деді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ, Сенат өкілі елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп отырған журналистерге полиция өкілдеріне жасалғандай жағдай неге жасалмайтынын сұрады.

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Отандық масс-медиа «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналситерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын», – деді Нұртөре Жүсіп.

Журналистерді құқықтық қолдаудан бөлек, ақпараттық қолжетімділік мәселесі де алаңдатады. Кейбір шенеуніктер төтенше жағдай кездерінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру – халықты мемлекеттік ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Көршіміз Ресейдегі жағдай мүлде басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген. Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешсе де, қаламының қарымын бәсеңдетпеген журналистер қауымының әлеуметтік мәртебесі жайлы әңгіме тіпті бөлек. Журналистер өзгенің жайын айтып, өзгені қорғауға келгенде аянып қалған кезі жоқ. Оған ел куә. Ал өз жайына келгенде тартынып қалатыны байқалады. Бұл ойымды болашағына алаңдайтын, журналистикаға жуық арада қадам басуға ниетті студент ретінде қағазға түсіруді шештім.

Шәкизат ОЛЖАБАЙ,

Қорқыт Ата атындағы

 Қызылорда университетінің

студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!