Жапонияда өздігінен жүретін жүрдек пойыз сынақтан сәтті өтті. East Japan Railway компаниясының бастамасымен жүзеге асқан жоба Ниигата префектурасында жұмыс күші тапшылығын жоюға бағытталған. Осылайша, келешекте Жапонияда жүргізушісі жоқ пойыздар қолданысқа енеді.
Өткен сәрсенбіде 12 вагоны бар шапшаң жүретін пойыз сынақтан сәтті өткені белгілі болды. Жүргізушісі пойызды автоматты режімге өткізген соң, темір тұлпар мүлт кеткен жоқ. Бұл пойыздар Е7 нұсқасы ретінде жасалған. Ол диспетчерлік пункттен қашықтан басқарылады.
Бұл – Жапонияда өте шапшаң жүретін пойыздың автономдық жұмысының алғашқы сынағы. Басты мақсат – машиниссіз жүретін пойызды қолданысқа енгізу. Әйтсе де, сынақ кезінде қандай да бір төтенше жағдайға жол бермес үшін локомотивке бірнеше жүргізуші мен қызметкер мінді.
Пойыз Ниигата стансасынан 5 шақырым алыстаған соң, жылдамдығын сағатына 110 шақырымға дейін ұлғайтып, Синкансэн Ниигата вокзалында тоқтады. Вагондар жоспарлы орынға 8 сантиметрге жетпей қалған. Бірақ компания өкілдерінің айтуынша, мұны қалпына келтіру оңай. Өйткені 50 сантиметрге дейінгі аралықта ауытқулардың алғашқы сынақта болуы қалыпты жағдай.
East Japan Railway компаниясының ресми өкілі автономды пойыздың тоқтау әдісі машинист жұмысына «тең келетінін» айтып, компания оны әлі де жетілдіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. Жапонияда темір жолда автоматты басқару жүйелері жердегі және өткелдері жоқ кейбір монорельсті жолдарға енгізілген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!