Фото: pixabay.com
Оңтүстік Корея чип өндірушілерді қолдау мақсатында 10 триллион вон (7,3 миллиард доллар) инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы CNBC сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Оңтүстік Кореяның қаржы министрі Чхве Сан Мок үкімет жақын арада жартылай өткізгіш өнеркәсібін қолдаудың толыққанды бағдарламасын ұсынатынын айтты. Бұл бағдарлама ең алдымен өндіріс қуаты жоқ жабдық өндірушілерге бағытталады.
Бағдарламада мемлекеттік несиелер беруді және мемлекеттік, сондай-ақ жеке қаржы мекемелері қаржыландыратын жаңа қор қамтылуы мүмкін.
Сондай-ақ Оңтүстік Корея билігі Сеулдің оңтүстігінде чип шығаратын кәсіпорындар орналасатын аймақ құруды жоспарлап отыр. Үкіметтің мәліметінше, бұл аймақ әлемдегі ең ірі жоғары технологиялық кешенге айналады.
Бұған дейін Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель үкімет ресурстарын микрочип өндірісін дамытуға бағыттауға және кәсіпорындарға салық жеңілдіктерін беруге уәде еткен болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!