SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Оңтүстік Кореяда ел тарихындағы ең резонансты саяси істердің бірі бойынша сот үкімі шықты.

Сеулдің орталық аудандық соты бұрынғы президент Юн Сок Ёль-ді 2024 жылы елде әскери жағдай енгізуге заңсыз әрекет жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Істі қараған Сеулдің орталық аудандық соты экс-президентті бүлік ұйымдастырды деп таныды. Соттың бағалауынша, әскери жағдай енгізу туралы жарлық елдегі конституциялық құрылымға тікелей қауіп төндірген.

Сот материалдарына сәйкес, Юн Сок Ёль Оңтүстік Корея Ұлттық ассамблеясы ғимаратына әскери бөлімшелер жіберуді бұйырып, парламент жұмысының тоқтауына жол ашпақ болған. Судьялар дәл осы әрекетті істегі негізгі әрі шешуші эпизод деп таныды.

Сот шешімінде бұл қадам мемлекеттің демократиялық институттарын әлсіретіп, елдің құқықтық негізіне соққы беруге бағытталған әрекет ретінде бағаланды.

Арнайы прокурорлар экс-президентке ең ауыр жаза – өлім жазасын сұраған. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмай, өмір бойына бас бостандығынан айырумен шектелді.

Сот отырысы қамауда отырған экс-президенттің қатысуымен өтіп, тікелей эфирде көрсетілді.

Айта кетейік, Юн Сок Ёль былтыр импичментке ұшырап, ал биыл көктемде ресми түрде қызметінен шеттетілген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!