Фото: Yonhap
Бүгін апелляциялық сот Оңтүстік Кореяның экс–президенті Юн Сок Ёльдің сот ісі бойынша соңғы тыңдауды өткізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Апелляциялық сот қашан өтеді?
Тыңдау Сеул Жоғарғы сотында сағат 14:00-де басталады деп жоспарланған. Бұл – Юн мен арнайы прокурор Чо Ын Соктың төменгі соттың бес жылдық түрме жазасына қатысты апелляция бергеннен кейін басталған процестің қорытынды кезеңі.
Дүйсенбідегі отырыста сот алқасы дәлелдерді қарауды аяқтап, арнайы прокурорлар тобының жазаға қатысты ұсынысын және қорытынды пікірлерін тыңдайды. Сонымен қатар Юнның адвокаттарының соңғы уәждері мен оның жеке мәлімдемесі де қаралады.
Сот шешімі маусым айының соңына дейін шығарылады деп күтілуде, себебі әдетте үкім соңғы сөздерден кейін екі ай ішінде жарияланады.
Экс–президентке тағылған айып қандай?
Юн Сок Ёль қаңтар айында өзін қамауға алуға кедергі жасағаны және әскери жағдай жоспарын қарастыруға тек таңдаулы министрлер кабинеті мүшелерін ғана шақырғаны үшін кінәлі деп танылған.
Сондай-ақ ол әскери жағдай тоқтатылғаннан кейін жалған жарлық жасап, кейін оны жойғаны үшін айыпты деп танылды. Алайда жалған баспасөз мәлімдемелерін таратуға бұйрық берді деген айып бойынша ақталды.
Осы уақытқа дейін экс-президент 2024 жылдың желтоқсанында енгізілген қысқа мерзімді әскери жағдайға, әйеліне қатысты жемқорлық айыптарына және 2023 жылы теңіз жаяу әскері қызметкерінің қазасына байланысты барлығы сегіз сот процесіне қатысты.
Негізгі іс бойынша сот оны әскери жағдай жариялау арқылы бүлік ұйымдастырды деп танып, ақпан айында өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!