Соңғы бірнеше күн бойы толассыз жауған нөсер мен Ніл өзенінің арнасынан асуы Оңтүстік Судан халқының өміріне ауыр соққы болды. Мыңдаған адам зардап шегіп, жүздеген мың тұрғын үйлерін тастап шығуға мәжбүр болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Anadolu таратқан мәліметке сәйкес, БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының (OCHA) қазан айындағы есебіне сәйкес, шілде айында жауын-шашынның күшеюі елдің алты штатында су тасқынына әкелген.
17 қазанға дейін су тасқыны алты штаттағы 26 округті қамтыды. Ең көп зардап шеккен өңірлердің қатарында Джонглей мен Юнити штаттары бар. Бұл аймақтарда шамамен 335 мың адам баспанасыз қалды.
OCHA дерегінше, су тасқыны салдарынан 61 мектеп су астында қалып, 22 мыңнан астам оқушы мен 700 мұғалім қиын жағдайда қалған.
Елде білім беру мен медициналық қызметтердің жұмысы тоқтап, сумен байланысты аурулардың көбеюі мен азық-түлік тапшылығы гуманитарлық дағдарысты одан әрі ушықтырды.
БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссарының (УКБЖК) Оңтүстік Судандағы өкілдігі бұл су тасқыны өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда күшті болғанын мәлімдеді. Егер су тасқыны жалғаса берсе, 1 миллионнан астам адам зардап шегуі, ал 400 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кетуі мүмкін.
БҰҰ мен гуманитарлық ұйымдар жол қатынасының қиындығына және қаржыландырудың қысқаруына қарамастан, көмек жеткізуге тырысуда, алайда бар ресурстардың өзі жеткіліксіз болып отыр.
Соңғы жылдардағы үздіксіз су тасқындары Оңтүстік Суданның климаттың өзгеруіне деген осалдығын күшейтті. 2020, 2021 және 2022 жылдары да ел осындай табиғи апаттармен бетпе-бет келіп, миллиондаған адам зардап шеккен болатын.
Мамандардың айтуынша, егер биылғы су тасқыны азық-түлік тапшылығымен, ішкі қақтығыстармен және жұқпалы аурулармен қабаттасса, ел гуманитарлық апаттың шегіне жетуі мүмкін.
БҰҰ агенттіктері мен гуманитарлық серіктестер қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланып көмек көрсетуді жалғастырып жатыр, алайда алдағы апталарда жағдайдың одан әрі қиындай түсуінен қауіп бар екені айтылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
