Фото: Sergei Gapon/AFP/Getty Images

NUR.KZ. Орталық және Шығыс Еуропада «Борис» дауылы салдарынан нөсер жаңбыр жауып, сегіз адам қаза тапты. Ал мыңдаған үй су астында қалды.

Австрияда тұрғындарды тасқыннан құтқару кезінде бір өрт сөндіруші қаза тапты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Вена маңы апат аймағы деп жарияланып, билік оны «бұрын-соңды болмаған төтенше жағдай» деп атады.

Польшада бір адам су тасқыны салдарынан қаза тапқанын премьер-министр Дональд Туск жексенбі күні мәлімдеді. Қаза тапқандардың ең көбі — Румынияда. Мұнда алты адам қаза тапты.

Чехияда құтқарушылар елдің шығысында өзенге құлап кеткен көліктегі үш адамды іздестіріп жатыр. Елдің кейбір аймақтарында эвакуация жарияланып, 51 мыңға жуық үй электр қуатынан ажыратылды. Прагада су тасқынына қарсы тосқауылдар салынды.

«Біз климаттың өзгеруінің салдарымен тағы да бетпе-бет келдік, бұл Еуропа континентіне қатты әсер етіп жатыр», – деді сенбі күні Румыния президенті Клаус Йоханнис.

Құтқарушылар
Фото: Sergei Gapon/AFP/Getty Images

Чехия шекарасына жақын, су тасқынынан ең көп зардап шеккен Клодзко қаласында сөйлеген премьер-министр Туск бұл ауданда мың жарымнан астам адам эвакуацияланғанын айтты. Бұл жақта 17 мың адам электр қуатынсыз қалған.

Чехияда сенбі күні оңтүстіктегі бөгет жарылып, қоршаған орта министрі Петр Хладик тұрғындарды кез келген уақытта үйлерін тастап кетуге дайын болуға шақырды. Ол жаңбырдың сейсенбіге дейін жалғасатынын ескертті. Елдің екі жоғары лигасындағы футбол матчтары осы демалыс күндері өтпейтін болды.

Украинаның темір жол өкілдері Польша мен Чехиядан Украинаға баратын пойыздардың тоқтатылғанын хабарлады. Прага қаласынан Чопқа және Перемышльге баратын пойыздар Чехияда қалып, украиналық рейстерге үлгере алмады.

«Борис» дауылы Орталық және Шығыс Еуропадағы нөсер жаңбырға себеп болған. Ең көп жауын-шашын Чехияда жауған. Мұнда үш күнде шамамен үш айлық норма түскен. Дауылдың күшті болуының негізгі себебі – солтүстіктен келетін суық ауа мен жылы теңіз суларының араласуы және төмен қысым аймағының баяу қозғалысы.

Чехияның қоршаған ортаны қорғау министрлігі мұндай дауылдардың 50 жылда бір рет болатынын, бірақ климаттың жылынуына байланысты олардың жиілеп бара жатқанын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!