Фото: ашық дереккөзден
Әлемде түрлі өндірістің жүйріктерін ынталандыру үшін марапаттар қарастырылған. Мәселен, ғылым-білім саласының үздіктеріне «Нобель» сыйлығы табысталса, музыкада «Грэмми» сыйлығын алғысы келмейтін жан жоқ. Ал бұл мақаламызда кино өндірісіндегі беделді «Оскар» сыйлығы және биылғы жеңімпаздар туралы айтамыз.
Әйгілі америкалық кино өнері академиясы жыл сайын табыстайтын «Оскар» сыйлығын армандамайтын режиссер да, актер да жоқ шығар, сірә. АҚШ-та бұл сыйлық киноматография саласында жыл сайын таңдаулы жандардың еңбегін бағалау үшін табысталады. Биыл салтанатты шара 96-ыншы рет өткізілді. Айтулы марапатты табыстау кеші наурызда, АҚШ-тың қақ төрі Лос Анджелес, Калифорния штаттарында өтті. Кешті Джимми Киммел төртінші рет өзі тізгіндеді.
Жеңімпаздарды атамас бұрын өткен жылға шолу жасайық. Былтыр «Все везде и сразу» фантастикалық фильмі «Оскар» сыйлығын иеленіп, сонымен қатар кино режиссерлары Дэниел Шайнерт және Дэн Кван жеңімпаз атанды. Ең үздік ер адамның рөлін Брендан Фрайзер (“Кит” фильмі), ең үздік әйел адамның рөлін Мишель Йео (“Все везде и сразу” фильмі) сомдады деп танылып, Оскар сыйлығы табысталды.
«Оскар» сыйлығының басқа кино байқаулардан ерекшелігі, арнайы қазылардың шешімімен емес, академия мүшелерінің жалпылама дауыс беру қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттайды. Ал академия құрамына 6 мыңнан астам адам кіреді. Жүлде 1929 жылдан бастап табысталып, ондаған арнадан тікелей эфирде көрсетіледі. 24 негізгі, 4 арнайы номинациясы бар. Осы күнге дейін шет тіліндегі үздік фильм үшін жүлдеге үміткерлікке Қазақстаннан тек бір кино ұсынылған.
Адамның сұлбасындағы мүсіннің жалпы салмағы – 3,85 келі, ұзындығы – 34 см. «Оскардың» бейнесін Седрик Гиббонс зерігіп отырып ойлап тапқан деседі. Салтанатты жиында жүлдеге үміткер фильм актерлары, сондай-ақ жұлдызды жұптар бірге отырады. Бір қызығы, «Оскар» тарихында 22 рет жеңімпаз атанған адам – Уолт Дисней. Билли Айлиш есімді 22 жастағы әнші тарихта ең жас лауреат деп танылған. Салтанатты кешті жұлдыздар дизайнерлік киімдермен әрлеп, қызыл кілем үстімен жүріп өтеді. Бұл «Оскардың» бұлжымас заңдылығына айналып кеткендей.
Кейінгі жылдары «Оскар» сыйлығын іш пыстырарлық деп танитындар көбейді. Соның әсерінен марапатты кештің танымалдылығы да азая түскен. Бұрын тікелей эфирдегі көрсетілімін тағатсыз күтіп, жұлдыздармен бірге жеңіске жар сала қуанса, қазір бұл үрдістің болғанын көпшілік біле де бермейді. Өкініштісі де сол.
Биылғы жылдың басты назарында болған «Оскар» сыйлығының 7 мәрте жеңімпазы «Оппенгеймер» фильмі. Көпшіліктің пікірі бойынша «Барби» фильмі үздік деген пайымдаулар болды. Алайда әлі кинопрокатқа шықпаған фильм неліктен топ жарды? Қалың жұрт әділ бағасын қандай критерийлер бойынша бергенін де білмей аң таң. Ал «Барби» фильмі көрсетілім кезінде асығы алшысынан түскенімен, сыйлық алар сәтте тек бір номинациямен шектеліп қалғаны түсініксіз.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде орын алған жайттарды суреттейтін «Оппенгеймер» көркем туындысы атом бомбасын ойлап тапқан Роберт Оппенгеймердің өмірімен ұштасып жатыр. Бұл фильмде атом қаруының қалай ойлап табылғаны, дамуы туралы суреттеген. Басты рөлді Киллиан Мерфи сомдап, «ең үздік ер адамның рөлі» номианациясы бойынша «Оскар» сыйлығын жеңіп алды. Сондай-ақ фильм тағы 6 номинация бойынша «Оскар» сыйлығын еншілеп, үздік фильм, үздік режиссура іспеттес басты марапаттарды иеленді.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!