Пәкістанның шығысындағы Пенджаб провинциясында толассыз жауған жаңбыр мен соның кесірінен болған су тасқыны салдарынан соңғы тәулікте 122 мыңнан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Пенджабтың Төтенше жағдайлар басқармасының (PDMA) бас директоры Ирфан Али Катхия мәлімдеді. Тек Джалалпур-Пирвала қаласының өзінде бір тәуліктің ішінде 122 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Айтуынша, бір бөлігі туыстарының үйіне орналасса, қалғандары арнайы көмек лагерлерінде уақытша паналауда.

Катхия атап өткендей, өткен айдан бері басталған су тасқыны кезінде Пенджабта 2,2 миллион адам баспанасын тастауға мәжбүр болып, 3 900-ден астам ауыл су астында қалған. Осы кезеңде кем дегенде 61 адамның қаза тапқаны белгілі.

Бұған дейін Пәкістанның Ұлттық төтенше жағдайлар басқармасы маусымның 26-сынан бері басталған муссон маусымында көз жұмғандардың саны 910-ға жеткенін айтқан болатын, – делінген Anadolu таратқан хабарламада.

Билік қазіргі су тасқынын 2022 жылғы апаттан кейінгі ең ірі табиғи апат деп атады. Естеріңізде болса, 2022 жылы болған алапат су тасқыны кезінде 1 700-ден астам адам қаза тауып, ел аумағының үштен бірі су астында қалған еді. Сол кезде келтірілген экономикалық шығын 32 млрд долларды құраған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!