Фото: Оlympic.kz / Меруерт Кәукеева мен Юлия Игнатченко
Париж олимпиадасының төрешілер құрамына теннистен Қазақстаннан Меруерт Кәукеева мен Юлия Игнатченко кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан теннис федерациясының дерегіне сенсек, Меруерт пен Юлия – күміс белгісі бар халықаралық дәрежедегі мінбедегі төрешілер.
Кәукеева мен Игнатченко үшін бұл екінші олимпиада болмақ. Олар осыған дейін 2021 жылы Токиода төрелік еткені белгілі.
Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын жекелей сында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, ерлерден Александр Бублик пен Александр Шевченко қорғайды. Сондай-ақ жұптық сында Бублик пен Александр Недовесов өнер көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін алғашқы қазақстандық спортшылар Париждегі Олимпиада ойындарына аман-есен жеткенін жаздық. Садақ атудан Қазақстан құрамасы Париждің солтүстік маңында салынған олимпиадалық ауылға алғашқылардың бірі болып келіп қоныстанған. Ауылда барлығы 40 тұрғын үй, оқу ғимараттары, емхана, асхана, асханалар мен кофеханалар бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!