Фото: Kazinform
Өзіне қатысты басталған тергеуге байланысты сот бақылауына алынып, Францияда тұрып жатқан Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Франциядан кетті, деп хабарлайды KAZINFORM ресейлік ТАСС ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Agence France-Presse (AFP) осы іске жақын үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Франциядан кетуге осы елдің сот органдары рұқсат берген.
Дереккөздердің бірінің хабарлауынша, тергеуші судьялардың бірі Дуровтың сот қадағалауын алып тастау туралы өтінішін қанағаттандырып, бірнеше аптаға Франциядан шығуға рұқсат берген. Тағы бір дереккөз Дуров мінген ұшақтың сенбі күні Ле-Бурже әуежайынан ұшып шыққанын хабарлады.
Айта кетейік, өткен жылдың 24 тамызы күні Дуров Париждің Ле-Бурже әуежайында ұсталды.
28 тамыз күні оның алдын ала ұстау шарасы аяқталып, кәсіпкер сотқа жіберілді. Онда сот тергеушісі Дуровқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында заңсыз транзакцияларды жүзеге асыру үшін желілік платформаны әкімшілендіру ісіне қатысуды қоса алғанда 6 бап бойынша айып тақты.
Мұндай әрекет үшін Париж прокуратурасының мәлімдеуінше, 500 мың еуро айыппұл салынып, 10 жылға сотталады.
Тергеу судьясының шешімі бойынша кәсіпкер кепілдікке 5 млн еуро төлеп, сот қадағалауына алынды. Сонымен қатар оған аптасына екі рет полиция бөлімшесіне келіп тұру міндеттеліп, Франция аймағынан шығуға тыйым салынды.
Дуров ісі бойынша сот процесі бір жылдан ерте басталмайды, деп хабарлады прокуратура өкілі Мейлис Де Рек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!