Фото: euronews

Польша билігі мен тұрғындары Украинадағы қақтығыс басқа елдерге де таралуы мүмкін деген қауіппен, Ресейге қарсы ықтимал соғысқа дайындалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәуірдің 22-сі күні Калининградтан оңтүстікке қарай 80 шақырым жерде өткен НАТО-ның қорғаныс жаттығуларына Еуропаның жеті елі мен АҚШ-тың 5 мың сарбазы қатысты. Қазір Польшаның солтүстігінде НАТО тұрақты жаттығу өткізіп жатыр.

«Біздің аймақтық жоспарымызға сәйкес, Еуропаның шығыс флангасын қорғауға дайындалып жатырмыз», – деді Польша армиясы Бас штабы бастығының кеңесшісі Кшиштоф Крул.

Солтүстігінде Калининградпен және шығысында Беларусьпен шектесетін Польша Украинамен ұзындығы 500 шақырымнан астам ортақ шекараны бөліседі. Аумақтық қорғаныс күштерінің запастағы жауынгерлерінің қатары толықтырылуда.

«Біздің елге басып кіру қаупі биыл немесе келесі жылы емес. Алайда алдағы бес-жеті жылда үлкен қауіп төнуі мүмкін», – деді аумақтық қорғаныс еріктісі Гжегож Щепаньский.

Польша Украинаға ең ірі қару-жарақ жеткізушілердің бірі. Варшава Еуроодақтағы серіктестерін Киевке қолдауды күшейтуге шақырды.

«Егер біз бұл қақтығысты, Польша, Литва, Латвия және Эстония шекараларында жүріп жатқан соғысты тоқтатпасақ, онда біз жақын арада әлдеқайда үлкен қауіп-қатерге тап болуымыз мүмкін. Бұл әрбір еуропалық ел үшін қауіпті», – деді Польша қорғаныс министрінің орынбасары Цезарь Томчик.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!