Ресей президенті Владимир Путин елінің АҚШ-пен Ресей аумағында сирек жер металдарын өндіру саласында бірге жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, оның айтуынша, екі ел алюминий өндірісі бойынша да бірлесіп жұмыс істей алады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы DW сайтына сілтеп.

«Біз америкалық компаниялармен осы бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуді ойластыра аламыз. Мысалы, Красноярск өлкесінде бұрынғы Кеңес уақытында жаңа гидроэлектр станциясын салу және алюминий өндірісін қосымша дамыту жоспары болған», – деді ол 24 ақпанда Ресейдің мемлекеттік телеарнасы ВГТРК-ға берген сұхбатында.

Ресей президенті бұл жоба «инвестициялық тұрғыдан тиімді» болатынын атап өтті.

«Алдын ала бағалаулар бойынша оның құны немесе қазіргі бағалармен шамамен 15 миллиард доллар болуы мүмкін. Бірақ біз бұған қатысты ойлануымыз керек», – деп түсіндірді ол.

Ресейдегі сирек жер металдары туралы айта келе, Путин қазіргі уақытта елдің бұл металдарды өндіруге жеткілікті көңіл бөлмейтінін мойындады.

«Сирек жер металдары – қазіргі экономика салалары үшін өте маңызды компонент, өте маңызды ресурстар. Біз бұл бағытта әлі аз жұмыс істедік. Біздің көбірек жұмыс істеуіміз керек», – деді ол.

Сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп екі апта ішінде Владимир Зеленскиймен кездесіп, екі ел арасында табиғи ресурстар туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

«Ол осы немесе келесі аптада келіп, келісімге қол қояды, бұл тамаша болар еді. Мен оны қуана қарсы аламын», – деді ол 24 ақпанда журналистермен әңгімелесу кезінде.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Fox News телеарнасына берген сұхбатында, Украина мен АҚШ арасындағы «стратегиялық минералдар, энергетика және мемлекеттік кәсіпорындарды» қамтитын келісім Киевке «экономикалық қауіпсіздік кепілдігін» ұсынатынын айтты.

«Бұл келісім Трамптың Украина мен Ресей арасындағы бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған стратегиясының бір бөлігі болып табылады, әрі украиналықтарға бейбіт өмірге қайта оралуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады БАҚ беттері Бессенттің сөздерін.

Сонымен қатар, Бессент бұл келісім АҚШ тарапынан Украинаға тікелей әскери кепілдіктерді қамтымайтынын, бірақ «құпия түрде АҚШ-тың елдің экономикалық болашағына айтарлықтай қаражат салуға дайын екенін» атап өтті.

«АҚШ компанияларының жергілікті жерде көбірек активтері болса, АҚШ-тың украин экономикасының жақсы дамуына қызығушылығы арта түссе, бұл украин халқы үшін көбірек қауіпсіздік, ал америкалық салық төлеушілер үшін жоғары табыс әкеледі», – деп түсіндірді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!