Telegram-арналар мен кейбір БАҚ Иранда хиджабқа қатысты жаңа заңның қабылданбай қалғаны туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл заң өткен жылдың соңында қабылданбай қалған болатын. Алайда таяуда Жүйені анықтау алқасының мүшесі Мохаммад Реза Бахонардың осы мәселеге қатысты жауабынан кейін бұл тақырып негізінен орыстілді БАҚ-та жаңадан болған оқиға сияқты хабарланды.

«Құқық тұрғысынан, хиджаб туралы заң жобасы енді күшін жоғалтты, оны орындау мүмкін емес. Енді Иранда хиджабты міндеттеу заңды түрде жойылды — бұл үшін ешқандай айыппұл, жаза немесе құқықтық салдар болмайды. Полицияға да осыны жеткізулеріңізді өтінемін», – деген Бахонар.

Бірқатар сарапшылар мен бұрынғы дипломаттар бұл сөзді нақты заңды өзгеріс емес, саяси сигнал ретінде ғана бағалап отыр. Олар заңды түрде хиджабтың міндетті статусын жою үшін бірнеше институттың — Жоғарғы көшбасшының, парламенттің және Жүйені анықтау алқасының мақұлдауын талап ететін күрделі заңнамалық рәсім қажет екенін ескертеді.

Сонымен бірге, Иранда қазіргі уақытта хиджабты міндеттеу нормасы әлі күшінде. Сәйкес ережелерді бұзған әйелдерге айыппұл салу, ескерту, кейбір жағдайларда қамау түрінде санкциялар қолданылуы мүмкін.

Соңғы деректерге сай, Парламент 2023 жылы хиджабқа қатысты жаңа қатаң заң жобасын қабылдағанымен, оған қол қойылған жоқ.. 

Қорыта айтқанда, қазіргі сәтте Иранда хиджаб міндетін жою туралы заңға өзгеріс жасалған жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!