Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Американың шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатып жатқанын хабарлап, қазақстандықтарға ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елшіліктің мәліметінше, шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты.

“Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылып жатыр. АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр”, – деп мәлімдеді Қазақстанның Сан-Францискода,ы бас консулдығы.

Сонымен қатар тағы бірнеше өзгерістер енгізілмек:

  • «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;
  • «Ұста да жібер» (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатындығын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап, немесе бірден келген елдеріне қайтаратын болады.Сонымен қатар азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, «Мексикада болу» бағдарламасы бойынша);
  • Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын-ала жеңілдіктер қарастырылған «CBP One» мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.

Елшілік Қазақстан азаматтарына АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан бақылап отыруға кеңес берді. 

– АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);

– АҚШ Мемлекеттік департаменті – Консулдық мәселелер бюросы.

Төтенше жағдайлар немесе консулдық-құқықтық көмек қажеттілігі туындаған жағдайда, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуды сұраймыз:

  • Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488 ішкі 127, 109, 121;
  • Қазақстанның Нью-Йорктағы бас консулдығы: +1 332 207 9632;
  • Қазақстанның Сан-Францискодағы бас консулдығы: +1 650 741-8894.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!