KAZINFORM – Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын қытайтілді қазақ жазушысы Анар Зинуарбекқызы Бин Синь атындағы мемлекеттік әдеби сыйлықтың иегері атанды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Тяньшань ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Порталдың жазуынша, саньвэнь (эссе) жанрына арналған әдеби сыйлық жазушыға «600 шақырым: сапар жолында» атты тұңғыш жинағы үшін «үздік эссе жинағы» номинациясы бойынша беріліп отыр. Жинаққа енген эсселерінде автор туған жерге сағыныш, туысқандық қарым-қатынас, дала суреті, қазақтың ұлттық тағамдары және қала өмірі жайлы жазады. Көрнекті қытайлық жазушы, сыншы Лю Лянчэн «Анардың эсселері қазақтың ән-күйлері секілді қоңыр әуезді және жүрекке жылы, өне бойынан көк шалғын мен ақша бұлттың иісі аңқып тұрады» деп бағалаған екен.
Ашық дереккөзден белгілі болғандай, Анар Зинуарбекқызы Іле қазақ автономиялық облысының Күнес ауданында өмірге келген. Көркем шығармашылықпен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Туындылары «Батыс», «Ұлттар әдебиеті» секілді беделді басылымдарда жарық көрген.
Мао Дунь және Лу Синь атындағы әдеби сыйлықтармен қатар аталатын Бин Синь әдеби сыйлығы Қытайдың көркем әдебиет саласындағы ең беделді сыйлықтардың бірі. Әдеби сыйлық 2002 жылдан бастап әр екі жыл сайын беріліп келеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
