Фото: Gov.kz

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Үкіметінің төтенше резерві есебінен гуманитарлық көмек көрсетілетінін жариялады,-деп хабарлайды Newsroom.kz.

Ізгілік жәрдем «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» деп бірдей аталған былтырғы 26 желтоқсандағы №1193 және 28 желтоқсандағы №1212 Үкімет қаулылары аясында жүзеге асырылып отыр.

«Бұл шығыстар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың құнын өтеуге бағытталған. Атап айтқанда, ел Үкіметінің 2023 жылғы 26 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес, Ауғанстанға ресми ізгілік көмек көрсету үшін «СҚ-Фармация» ЖШС ұсынған дәрілік заттардың құнын өтеуге жалпы сомасы 298 млн 375,7 мың теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №1212 қаулысына сәйкес, Палестина мемлекетіне ресми ізгілік көмек көрсету үшін «СҚ-Фармация» ЖШС ұсынған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың құнын өтеуге жалпы сомасы 66 млн 88,1 мың теңге қаражат берілді», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомствоның дерегінше, гуманитарлық көмекке бағдарланған «100 – ҚР Үкіметінің төтенше резерві есебінен ағымды іс-шаралар өткізу» аталған бюджеттік бағдарлама аясында 2022 жылы – 585,9 миллион, 2023 жылы – 386,4 миллион, 2024 жылы – 364,4 миллион теңге бөлініпті.

ДСМ желісі бойынша 2021–2023 жылдардағы гумкөмек негізінен, пандемия және оның зардаптарымен күреске бағытталды. Сондықтан аталған екі елге 25 мың доза отандық «QazVac» вакцинасы, 4 008 бірлік түрлі дәрі-дәрмек, 6 миллион дана үш қабатты маска, 850 мың респиратор, 50 мың қорғаныс костюмі, 105 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты тегін ұсынылған көрінеді

Бұл ретте Ауғанстанға көмек Үндістан аумағы арқылы жеткізілген екен. Тиісінше, ізгілік жүктерін де Алматы-Дели маршрутымен ұшақтар тасымалдаған.

2024 жылы Қазақстанның Ауғанстан және Палестина мемлекеттеріне тегін 1 605 149 дәрі-дәрмек, 1 559 400 бірлік үш қабатты медициналық бетперде, 26 бірлік обаға қарсы жинақ жеткізіп беретіні көрсетілген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!