Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform
KAZINFORM – Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасының авиациялық билігі арасында екіжақты келіссөз өтті.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Мысыр тарапын Мысыр авиация министрлігі Авиациялық әкімшілігінің әуе көлігі жөніндегі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Хешам Абдель Басет мырза басқарды.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы рұқсат етілген рейстердің жалпы санын аптасына 14-тен 48-ге дейін, сондай-ақ әрбір тарап үшін рұқсат етілген тармақтарды 2-ден 3-ке дейін ұлғайтуға уағдаласты.
Сондай-ақ, тағайындалған тасымалдаушылардың саны артты.
Мәселен, қазақстандық тарап қолданыстағы Air Astana және SCAT тасымалдаушыларына Fly Arystan әуе компаниясын елдер арасындағы тұрақты рейстерді орындауға тағайындады.
Мысыр тарапы өз кезегінде қолданыстағы EgyptAir, EgyprAir Cargo және Air Cairo тасымалдаушыларына Red Sea және Nile Air тағайындады.
Сонымен бірге, қол жеткізілген келісім бойынша екі елдің әуе компаниялары өзара коммерциялық келісімдер жасай алады.
Уағдаластық негізінде екі тараптың тағайындалған әуе компаниялары рейстер санын ұлғайтуды және елдер арасындағы ұшу географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!