Фото: gov.kz/Сыртқы істер министрлігі

Halyq Uni. Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Таиланд Корольдігі премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Парнпри Бахиддха-Нукараның шақыруымен Бангкок қаласына барып, осы елдің Үкімет мүшелерімен кездесті.

Кездесуде Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Таиланд премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Парнпри Бахиддха-Нукарамен саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-тай қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Министрлер Қазақстан мен Таиландтың әлемдік саяси күн тәртібіндегі негізгі мәселелері бойынша, әсіресе Азия континентіндегі ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік салаларындағы ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті. Осы тұрғыда БҰҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Азиядағы ынтымақтастық диалог сияқты алаңдарда ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделілік білдірілді.

СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу екі елдің сауда саласындағы өзара қызығушылықтың дәйекті өсуіне ерекше назар аударды. Ковидтен кейінгі кезеңде екіжақты тауар айналымының өсуі қанағаттанушылықпен аталып өтті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ол тарихи максимум 367 млн АҚШ долларына жетті.

Таиланд – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі ең ірі және сенімді серіктесі. Отыз жылдық берік дипломатиялық қарым-қатынастар барысында мемлекеттеріміз арасындағы тұрақты байланыстар жан-жақты және жемісті өзара іс-қимылға жол ашты, – деп мәлімдеді Мұрат Нұртілеу.

Тараптар ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін белгіледі. Іскер топтардың байланыстарын жандандыру және екі ел арасындағы тауарларды тасымалдаудың неғұрлым қолайлы жолдарын іздеу қажеттілігіне назар аударылды.

Елдеріміз арасында сындарлы диалог орнатылды, көптеген мәселелер бойынша мемлекеттеріміздің ұстанымдары сәйкес келеді. Қазақстан – Орталық Азиядағы басты серіктесіміз», – деп атап өтті тай министрі.

Туризм саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді, елдер арасында тікелей әуе рейстерінің саны өсуде. Мәселен, 2023 жылы Таиландқа 172 мың қазақстандық турист барды. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.

Сапар қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасында ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды. Осы құжатқа сәйкес екі елдің азаматтары елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін бір-бірінің аумағында визасыз бола алады. Келісім тараптар мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді.

Сондай-ақ Қазақстан мен Таиландтың туризм және спорт министрліктері арасында Туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сыртқы істер министрлері келіссөздер қорытындыларына оң баға беріп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!