Қаржы саласы сан қилы жаңалығымен, өзгерістерімен, өзектілігімен қызық. Соңғы кезде үкімет криптовалютаға оң көзқарас білдіріп келеді. Алайда заң тұрғысынан майнерлердің мән-жайы реттелмеген болатын. Тіптен қаржы реттеуші орган тарапынан криптовалютаға толықтай тыйым салуға қатысты ұсыныстар да айтылып жүрді.

Осы жылға дейін жағдай біршама тұрақталып, крипто-майнерлерге салық та салынбай келді. Алайда жақында Үкімет отырысында майнерлердің болашағы, салық төлеуі жайында сөз етілді. Арнайы заңдар да қарастырылды. Мәселенің мән-жайын бірге талқылап көрелік.

құпиясы неде?

Соңғы кезде көпшіліктің әңгімесіне арқау, тақырыбына тұздық болып жүрген майнинг фермалар туралы не білеміз? Алдымен анықтама беріп өтсек. Майнинг ферма деп криптовалюта өндіруге және аударуға көмектесетін құрылғы, яғни машиналарды айтамыз. Мұндай құрылғыларды өндіруден Қытайдағы Bitmain компаниясы алғашқы орында тұр. Ферма арнайы чип немесе карталардан тұрады. Олар қалай табыс тауып отыр? Майнерлер криптовалюта өндіру мен ақша аударымы арқылы табыс табады. Мәселен, сіз менің жасаған жұмысым үшін маған ақша аударуыңыз керек. Оны банк арқылы аударуға да болады. Бірақ олардың комиссиясы жоғары. Сондықтан мен сізге екеуміздің ақшамызды шашпас үшін криптомен аударуды ұсынамын. Осы кездегі аударым комиссиясын қызметті ұсынған майнерлер алады. Олардың комиссиясы өте төмен және майнерлер саны көбейген сайын комиссия құны арзандай түседі.

Ал майнерлердің саны көбейгенін қалай байқаймыз? Алғашқы кезде криптомен аударым жасау кезінде оған бір сағат уақыт кететін болса, қазір максимум 5 минутыңызды жұмсайсыз. Мұндай ақша аударымының тағы бір тиімді тұсы – криптовалюта бағамы біз білетін басқа валюталарға қарағанда тұрақты өсіп отыруында. Яғни майнер тұтынушыдан келген криптоны сатып, доллар алып, кейін оны өзіне тиімді валютаға ауыстырып алуына мүмкіндік бар. Немесе крипто күйінде сақтап қойса да болады. Бұл банкте ақша сақтағаннан, солай жинағаннан әлдеқайда сенімдірек. Кәсіби майнерлер крипто арзандаған кезде сатып алып, жинақтап, бағасы өскенде қайта сатып жіберу арқылы пайда табады. Және олар баға өскенде ғана құрылғыларын қосады, себебі мұндай кезде аударымдар көбейеді. Ал баға төмендегенде, құрылғыны өшіруге тыры­сады.

Қазір крипто­валюта түрлерінің ішінде ең таны­малы – бит­коин. Екінші орында эфириум тұр. Екеуіне екі түрлі майнинг ферма қажет. Биткоинның фермасын қытайлық Bitmain және Whatsminer компаниялары өндіреді. Қазір американдық Intel компаниясы оларға бәсекелес болуға тырысып келеді. Бірақ қытайлықтар бәрібір алда.

Сала маманы жоғарыдағы инвесторлардың нарықтың тәжірибелі қатысушылары екенін, сол секілді цифрлы платформада орындалатын қазба жұмыстарының 90% биткоинның блокчейн тізбегінде жүзеге асырылатынын айтты. Xive сауда алаңының иесі Қазақстанда электр энергиясы артығымен өндірілетіндіктен шетелдік компаниялардың келуі жергілікті инвесторлардың жұмысына қиындық келтірмейтінін жеткізді.

Криптовалюта өндірісіне келсек, электр энергиясы бағасының маңыздылығы арта түспек. Мамырда биткоинға сұраныс екі есе азайғанда бұл мәселе тіптен өзектеніп, цифрлы қазбамен айналысатын кеншілердің алдында екі таңдау тұрды. Нақты айтқанда, құрал-жабдықтарды сату не болмаса қажетті қуат тарифы арзан Қазақстан, Ресей, Таяу Шығыс және Оңтүстік Америка секілді аймақтарға көшу.

Жаңа заң жарыққа шықты

ТМД аймағында биткоин майнингін бірлесіп орналастыру қызметінің ірі тасымалдаушысы BitRiver-дің коммерциялық директоры Дмитрий Ушаков: «Бұл қауіпті. Неге десеңіз, ел ішінде электр энергиясы бағасының тез өзгеруіне ықпал ететін фактор аз емес. Тағы бір ескеретін мәселе бұл – цифрлы қазба нысан­дарының қауіпсіздігі. Олар көбінесе қысқа уақытта қолданыстан шыққан ескі инфра­құрылыммен жасалатынын айта кету керек», –  деді Д.Ушаков.

Жақында Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасы мен заңнамалық актілерге ілеспе түзетулер мақұлданды. Осы бағыттағы жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева заң жобалары мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша цифрлық майнинг өндірісі құқықтық реттеу бойынша әзірленгенін атап өтті. Заң жобасының мақсаты – цифрлық активтерді өндіру және айналым үшін заңнамалық базаны құру. Ал аталған жоба келесі міндеттерді шешеді: энергетика саласында электр энергиясын тұтынуды реттеудің құқықтық тетіктері енгізіледі; кеншілер Қазақстан экономикасының толыққанды қатысушыларына айналады.

Сонымен бірге майнерлер 2024 жылдан бастап табыстарының 75 процентін теңгеге айырбастауға міндетті болады. Мұндай экожүйе Астана халықаралық қаржы орталығында құрылып, барлық операциялар солардың құзыреттілігіне берілмек. Яғни елімізде заңсыз жолмен пайда тауып, үлкен көлемде электр энергиясын тұтынғандарды анықтау үшін осындай жұмыстар жүргізілмек. Қазіргі таңда 150-ге жуық майнердің үштен бірі Қазақстаннан кетіп қалған. Одан бөлек 50 ферма ресми түрде тіркелсе, тағы соншасы тасада «тығылып» жүр.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева: «Бейресми деректер бойынша халықаралық криптовалюта биржаларында 1 миллионнан астам Қазақстан азаматы тіркелген. Бұл жерде валюта айырбастаудың қара нарығы да жұмыс істейді. Демек барлық операция көлеңкеде қалып жатыр. Майнерлердің жұмысын реттеу үшін депутаттар тиісті заң жобасын да ұсынып отыр.

Салық салу жөнінде айтар болсақ, ол бірнеше кезеңнен құралады. Нақтырақ айтқанда, қажетті қондырғыларды елге әкелгендегі қосымша құн салығы, лицензия алудағы төлем, корпоративтік табыс салығы мен криптобиржалардағы операциялардан алынатын түрлі алымдар болады. Айта кету керек, криптавалюта Қазақстанда төлем құралы болып табылмайды. Оған тыйым салынған. Егер рұқсат берілсе, онда ұлттық валютаға үлкен салмақ салынады. Сондықтан заң жобасында Астана халықаралық қаржы орталығында қазақстандық крипта биржа құру жайы да қарастырылған. Мұнда майнерлер 2024 жылдан бастап табыстарының 75 процентін айырбастаулары керек болады. Талап осындай», – дейді.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!