Жогорку Кенеш (Қырғызстан Парламенті) «Альпинизм туралы» заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатта биіктігі 6000 метрден асатын тауларға шығу үшін арнайы төлем енгізу ұсынылған. Бұл туралы Sport АКИpress жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Жобаға сәйкес, 6000 метрден жоғары шыңдарға шығуға ниетті барлық альпинистер арнайы рұқсатнама (пермит) алуға міндетті болады. Бұл құжаттың құны, қандай таулы аймақтарға қолданылатыны және рұқсатнама беру тәртібі Қырғызстан Министрлер кабинеті тарапынан реттеледі.

Сонымен қатар, заң жобасында альпинистерді міндетті түрде сақтандыру, ережелерді бұзғандарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату және шыңға шығу қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Жекелеген бөлімде экологиялық талаптар да көрсетілген: экспедицияға қатысушылар қалдықтарды арнайы қаптар мен контейнерлерге жинап, оларды төменге түсіріп, жоюы тиіс.

Бұл бастаманың авторы — «Бүтін Қырғызстан» партиясының депутаты Эмиль Токтошев. Оның айтуынша, заң жобасы гидтер, нұсқаушылар, альпинизм клубтары мен туристік компаниялардың қызметін реттеп, инфрақұрылымды дамытуға және альпинизм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Ол таулы аймақтарда қауіпсіздікті жүйелі түрде қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Заң жобасы орыс альпинисі Наталья Наговицинамен болған қайғылы оқиға аясында әзірленді. Ол Победа шыңында (Тянь-Шаньдағы ең биік нүкте, 7439 м) аяғын сындырып, төмен түсе алмай қалған. Қырғызстандық және шетелдік мамандарды тартқан құтқару операциясы мен тікұшақ қолданылғанына қарамастан, оны құтқару мүмкін болмады.

Бұл оқиға қоғам мен альпинизм саласындағы кәсіби қауымдастықта кең талқылауға ұласып, Орталық Азиядағы құтқару жүйелерінің ұйымдастырылуы, қауіпсіздік стандарттарының сенімділігі және өңір елдерінің өзара іс-қимылының тиімділігі туралы мәселе көтерді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!