Фото: Аzattyq.org
Қырғызстанның Ош қаласында сәуір айынан бастап 22 әйел қоғамдық жерлерде бетін жабатын никаб киюі үшін айыппұлға тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аzattyq.org порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оштaғы облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері рейдтер жүргізіп, қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелерде бетін жауып жүрген 22 әйелге «Қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелерде бетті жабуға тыйым салу» деп аталатын Кодекстің нормасы бойынша әрқайсына 20 мың сом (122 400 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сонымен қатар 140 әйелге ескерту жасалды.
Бұған дейін Жалал-Абад қалалық ішкі істер басқармасы да 7 әйелді әрқайсысына 20 мың сом көлемінде айыппұлға тартқан.
Биыл қаңтарда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға қол қойған. Осы құжатқа сәйкес, үйде уағыз айтатын және қоғамдық жерде бет жауатын киім киетін адамдар 20 мың сом көлемінде айыппұл төлейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!