Қытай АҚШ-пен сауда соғысына дайын. Бұл туралы Вашингтондағы ҚХР елшілігінің баспасөз хатшысы Лю Пэнъюй айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.

«Сауда соғысына келгенде Қытайдың ұстанымы айқын. Егер сіздер күрескілеріңіз келсе, біз соңына дейін барамыз. Ал келіссөз жүргізгілеріңіз келсе, есігіміз ашық»,– деді ол.

Пэнъюй АҚШ-тың әрекетін «өзара іс-қимылдың дұрыс емес тәсілі» деп атады. Елшіліктің өкілі бұл олқылықты мүмкіндігінше тез дұрыстап, келіссөзге шынайылық көрсету қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол екі тарапты да мазалайтын мәселелерді диалог арқылы шешуді, екі ел арасындағы тұрақты қатынасты дамыту қажеттігін баса айтты.

«Ынтымақтастық екі тарапқа да пайдалы, қақтығыс екеуіне де кесірін тигізеді. Бұрынғы сауда және экономикалық консультациялардың бірнеше раунды Қытай мен АҚШ өзара құрмет, теңдік негізінде мәселелерге шешім таба алатынын толық көрсетті», — деді дипломат.

Өткен жұмада АҚШ президенті Дональд Трамп 1 қарашадан бастап Қытайдан әкелінетін тауарларға 100 пайыздық баж салығын енгізетінін жариялаған еді. Кейін қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон жаңа баждарды енгізуді кейінге қалдырып, екі ел басшысының барлық мәселені шешуге мүмкіндік беруі мүмкін екенін мәлімдеді. Сейсенбіде Қытай америкалық кәсіпорындар мен ұйымдарға тиесілі кемелерге порт төлемдерін енгізуді бастады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!