KAZINFORM — Биотехнологиялық робототехника саласындағы серпінді жетістік аясында қытайлық мамандар командасы құс сияқты өздігінен ұшуға қабілетті роботты жасап шығарды, деп хабарлайды Синьхуа.
RoboFalcon2.0 деп аталған жаңа робот құстар мен жарқанаттардың қанат қимылдарын имитациялайды және басқарылатын ұшуды қайта баптауға болатын жаңа механизмнің көмегімен іске асырады.
Science Advances журналында жарияланған зерттеуде роботтың ұшатын омыртқалылардың баяу қалықтауы кезінде байқалатын FSF / «жайылу-қағу-жиылу» қозғалысын қалай қайталайтыны егжей-тегжейлі сипатталған.
Ұшатын омыртқалылар әдетте қалқып тұру, биіктікке көтерілу және қону кезінде қанаттың күрделі қимыл кинематикасын қолданады, бұл жәндіктердің ұшу механизмдерінен өзгеше. Төмен жылдамдықпен ұшқан кезде ұшатын омыртқалылар (мысалы, құстар) ұшу тиімділігін арттыру үшін қанаттарын төмен қарай күшпен қағып, ал жоғары қарай баяу және аз әсер ететін қозғалыспен қайтарады.
Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің мамандары омыртқалылардың баяу ұшу кинематикасын қайталап, бір цикл ішінде «жайылу-қағу-жиылу» қозғалысын біріктіретін коникалық айналмалы механизм жасап шығарды.
Зерттеу нәтижесіне қарағанда, шынайы жағдайда жүргізілген сынақтар RoboFalcon2.0 роботының өздігінен ұша алатынын көрсетті.
Бұл инновациялық жетістік құстарға тән басқару тәсілдеріне негізделген, ұша алатын әрі маневр жасау қабілеті жоғары көлік құралдарын жасауға түрткі болуы мүмкін. Мұндай тәсіл қанатын қағып ұшатын роботтардың табиғатқа ұқсас (биомиметикалық) дизайнын дамытуға жол ашады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!