Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына арналған ірі әскери парад өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Парадқа қатысушы құрметті қонақ ретінде Ресей президенті Владимир Путин мен КХДР лидері Ким Чен Ын аталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та салтанатты қабылдауға қатысты. Сондай-ақ, шарада 26-дан астам мемлекеттің басшылары болды.
Әскери шеруде Қытай халық-азаттық армиясы алғаш рет стратегиялық ядролық үштағанына кіретін зымырандарды көрсетті. Олардың қатарында алыс қашықтыққа ұшатын әуе зымыраны «Цзинлэй-1», су астынан ұшырылатын құрлықаралық зымыран «Цзюйлан-3», құрлықтан ұшырылатын «Дунфэн-61» және «Дунфэн-31» зымырандары бар. Бұдан бөлек, бүкіл жер шарын қамти алатын соққы радиусына ие стратегиялық ядролық DF-5C зымыраны, заманауи лазерлік қару және жаңа суасты дроны AJX002 таныстырылды.
Парад басталған сәтте АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде Қытай басшылығы мен қонақтарға қатысты жазба жариялап, Қытайдың азаттығы жолында америкалықтардың да қаза тапқанын еске салды. Ол қытай халқына мерекелік күн тілеп, Путин мен Ким Чен Ынға жылы сәлем жолдады, алайда өз сөзінде Қытай мен Ресей, КХДР арасындағы «астыртын жоспарға» меңзеу жасады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!