Биыл Қазақстан алғаш рет «Miss Grand International – 2025» байқауына қатысады. Бұл жөнінде 15 қыркүйек күні Алматы қаласындағы Promenade Business Park орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Іс-шарада «Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева, «Miss Grand Qazaqstan – 2024» Томирис Қадырхан мен «Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының PR-менеджері Құралай Құрман сөз сөйледі.

Қызылордалық ару «Miss Grand International – 2025» байқауына қатысады

Биыл Қазақстан алғаш рет «Miss Grand International» байқауында танылмақ. Халықаралық дода Тайландтың Бангкок қаласында өтеді. Байқау 29 қыркүйекте басталып, ақтық кезеңі 18 қазанда өтеді.

– «Қазақстан Аруы» – әлемдегі ең беделді үш халықаралық сұлулық байқауына лицензиясы бар жалғыз ұлттық байқау. Сондықтан 2024 жылғы жеңімпаз әрі «Miss Grand Qazaqstan– 2024» атағының иегері Томирис Кадырхан еліміздің намысын «Miss Grand International – 2025» сахнасында қорғайды, – деді PR-менеджер Құралай Құрман.

Елімізді әлемдік аренада лайықты түрде таныстыру үшін Томирис жауапты әрі қызу дайындық үстінде.  

– Костюмнің эскизін суретші Айгүл Мұсабаева екеуміз дайындадық. Шабыт көзі ретінде Томирис патшайымның бейнесін алдық. Ерекше костюм арқылы қазақ қыздарының бойында нәзіктікпен қатар батылдықтың да бар екенін көрсеткім келеді, – деп бөлісті Томирис Кадырхан.

«Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева Томириске жүктелген ерекше миссияға тоталды. Оның айтуынша, байқауға 50-ден астам елдің арулары қатысады. Ақтық кезеңге дейін Томирис шығармашылық қабілетін көрсетіп, соғыс пен зорлық-зомбылыққа қарсы ұстанымын білдіреді.

Томирис Кадырхан – ел намысын қорғайтын Қызылордалық жас ару. Бүгінде ол сән саласымен қатар, өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Сұлулық әлеміндегі ең беделді атақ иегері бола тұра, Томирис ару қоғам алдындағы адамгершілік борышын ұмытпайтынын айтты. Ол әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қорғаусыз қалған жануарларға көмектесуді жалғастыруды көздейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!