Ресейде WhatsApp пен YouTube сервистері мүлде қолжетімсіз күйге жетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Басылым мәліметінше, WhatsApp және web.whatsapp домендері Ресейдің Ұлттық домендік атаулар жүйесіндегі жазбалардан өшірілген. 10 ақпанда YouTube домені де тізімнен алынып тасталған. Соның салдарынан пайдаланушылардың құрылғылары аталған платформалардың IP-мекенжайларын ала алмай отыр. Қазір бұл сервистерге тек VPN арқылы кіруге болады.

Ұлттық домендік атаулар жүйесі ел ішіндегі интернеттің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін құрылған. Сарапшылар шектеулер «Роскомнадзор» тарапынан енгізілген болуы мүмкін екенін айтады және оны техникалық ресурстардың шектеулілігімен байланыстырады.

Бұған дейін «Роскомнадзор» Telegram мессенджері Ресей заңнамасын орындамай отыр деп мәлімдеген. Өткен жылдың тамызында елде Telegram мен WhatsApp арқылы қоңырау шалуға шектеу қойылған еді. Жыл соңында реттеуші орган WhatsApp қызметі толық бұғатталуы мүмкін екенін ескерткен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!