Ресей Қазақстаннан жалға алған 8,5 миллион гектардан аса жерді әскери полигон ретінде пайдаланады. Жалға берілген аумақтың әр гектарына 1046 теңге төлейді. Ал баға 2005 жылдан бері өзгермеген. Бұл Stan.kz туралы ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасапхабарлайды. 

Қорғаныс министрлігі өкілдері мәлім еткендей Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарындағы аумағы 7 миллион гектар болатын Сары-Шаған сынақ алаңы Ресейге жалға берілген. Сондай-ақ Батыс Қазақстан мен Атырау өңірлеріндегі 1 миллион гектардан аса жердегі 929-шы мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы да жалға беріліпті. Бұдан бөлек Батыс Қазақстандағы көлемі 300 мың гектар болатын 4-ші мемлекеттік орталық полигонды да жалға алып отыр.

Аталмыш полигондарда Ресей қарулы күштері әскери техникаларды әзірлеп, оны сынақтан өткізеді. Министрлік өкілдері жалға берілген жер арқасында ел қазынасына 10 миллиард теңге табыс түсетінін мәлімдеді. Жалға алу шартына байланысты алғашқы халықаралық келісімшарт 1993 жылы жасалған. Сондай-ақ жалға беру уақыты 2030 жылға дейін жалғасады деп жоспарланған. Ал депутаттар Ресей әскери күштеріне берілген полигон аумағын қайтарып, ауылшаруашылық жері ретінде тұрғындарға беруді ұсынып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!