Фото: pixabay.com

Ресей билігі елде заңсыз жүрген шетелдік азаматтардың тізімін жасап жатыр. Мигранттарға көлік жүргізуге және үйленуге тыйым салынып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Газета” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресейде заңсыз жүрген шетелдік азаматтар енді бірқатар мемлекеттік қызметтерді пайдалана алмайды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Александр Горовойдың айтуынша, мигранттарға үйленуге, ажырасуға және көлік жүргізуге тыйым салынады. 

“Шектеулер тізімінде банк қызметтерін пайдалану, балаларды мектеп пен балабақшаға тіркеу, сондай-ақ мүлікті тіркеу секілді мемлекеттік қызметтер бар. 2025 жылдан бастап іске қосуды жоспарлап отырған тізімге құжаттарының мерзімі өтіп кеткен немесе күші жойылған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған және елден шығарылатын мигранттар туралы мәліметтер енгізіледі”, – деді Александр Горовой.

Бақылауға алынған тұлғалардың тізілімі заңсыз жүрген шетелдік азаматтарды елден шығаруға бағытталған. Бастаманы жүзеге асыру үшін Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесе жұмыс істейді. Алайда тізілімнің қашаннан бастап жасалатыны белгісіз.

Ішкі істер министрлігі Ресейдің көші-қон тіркеу жүйесінде 6 миллионнан астам шетелдік азамат тіркелгенін мәлімдеді. Былтыр олардың саны кем дегенде 8,5 миллионнан асқан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!