Ресей Федерациясының Челябі облысындағы Аша қаласын су басты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ресей ТЖМ-ге сілтеме жасап.

Бұл аймақ Қазақстанның Қостанай облысымен шектеседі.

Қаладағы су басқан көшелерден 70 адам, соның ішінде 20 бала эвакуацияланды.

«Сим өзенінде мұз кептелуі мен жауын-шашын салдарынан су деңгейі көтерілді, бұл Аша қаласындағы Матросов, Набережная, Октябрьская, Заречная көшелеріндегі 31 шаруашылық телімін су басуға әкеп соқты», – деп жазылған хабарламада.

Сим өзенінің арнасы экскаватор, манипулятор көмегімен тазартылған.

«Матросов, Октябрьская, Заречная көшелеріндегі су деңгейі 1 метрге төмендеді, 15 тұрғын үй мен жеке учаскелер судан тазартылды. Тағы 16 тұрғын үй мен жер телімі су астында қалды», – деп жазылған ақпаратта.

Ресейлік ТЖМ мәліметінше, төтенше жағдайға Ресей ТЖМ қызметкерлері, өңірдің іздестіру-құтқару қызметінің бөлімшелері, мамандандырылған өрттен құтқару бөлімінің күштері жұмылдырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысының билігі наурызда, сәуірдің басында ауа температурасы +17 градусқа дейін көтеріледі деген болжамға байланысты ескерту жасады. Дегенмен ірі су тасқыны болжанған жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!