Ресейде Тәжікстан азаматшасы адыраспан өсімдігін елге алып кірмек болғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Азия-Плюс» басылымы Тәжікстан Бас прокуратурасына сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды «Адырна«.
Тәжікстан азаматшасы Ресейдің бір әуежайында ұсталды. Оған Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 228-бабы 2-бөлігі («Есірткі заттарын сатуға мақсатсыз сақтау, тасымалдау, өндіру және өңдеу») және 229.1-бабы 3-бөлігі («Есірткі заты бар өсімдіктерді Ресей кеден шекарасы арқылы заңсыз өткізу») бойынша айып тағылды.
«Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жіберіліп, сот айыпталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», — деп мәлімдеді Тәжікстан Бас прокуратурасы.
Бұл іс бойынша басқа мәліметтер жоқ. Сонымен қатар, тағы бір тәжікстандық азаматша Ресейдің басқа әуежайында дәл осындай айыппен ұсталғаны айтылған, бірақ оның ісі бойынша соттың шешімі хабарланбаған.
Бас прокуратура Тәжікстан азаматтарын адыраспан өсімдігін Ресейге алып кіру және қолдану әрекеттерінен бас тартуға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, «10 данадан артық хазориспанд» тасымалдаған немесе сақтаған адамға 1 миллион рубльге дейін айыппұл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
2024 жылдың ақпан айында адыраспан Ресейде есірткі құрамды өсімдіктер тізіміне енгізілген. Бұл шешімнің себебі — құрамында орталық жүйке жүйесін қоздыратын әрі галлюциноген әсері бар гармин затының болуы. Ол тіпті бірінші қолданудан-ақ адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруі мүмкін.
Ал Орталық Азия елдерінде бұл өсімдікке сұраныс жоғары және оған ерекше мән беріледі: халық арасында адыраспан сәттілік, байлық әкеледі, жаман энергия мен аурулардан қорғайды деп есептеледі. Адыраспанды көбіне тұтатып, түтінімен үйді және адамдарды аластайды. Түрікменстанның бұрынғы президенті Гурбангұлы Бердімұхамедов бұл өсімдікті өзінің авторлығымен шыққан «Түрікменстанның дәрілік өсімдіктері» атты кітаптың бірінші томына енгізген. Түрікмендер адыраспанды юзарлык деп атайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!