Америкалық ғалымдар өт қабына күрделі ота жасауға қабілетті робот-хирург пен оны басқаратын жасанды интеллект алгоритмін жасады. Джон Хопкинс университеті бұл машинаның алғаш рет адам көмегінсіз отаны сәтті әрі қатесіз орындағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
JHU доценті Аксель Кригер мен оның әріптестері бірнеше жыл бойы операция кезінде хирургтарға көмектесетін немесе кейбір қимылдарды өздігінен жасай алатын роботтар жасап келеді.
2022 жылы олар STAR деген робот құрастырып, оны алғаш рет шошқаның ішегіне ота жасау үшін қолданды. Ол кезде робот дәрігерлер берген кеңестер мен денеге қойылған арнайы белгілердің көмегімен жұмыс істеген.
Бұл адам дәрігерді бақылай отырып, қалай операция жасайтынын үйренетін, кейін ешкімнің көмегінсіз өзі операция жасай алатын ақылды робот жасау идеясына жетеледі.
Осы мақсатта ғалымдар жасанды интеллект жасап шығарды. Бұл ИИ екі бөліктен тұрады:
– біреуі эндоскоппен түсірілген бейнелерді қарап, жалпы нұсқау береді;
– екіншісі сол нұсқауларды нақты қимылдарға айналдырып, роботқа не істеу керегін айтады.
Жүйені үйрету үшін Кригер мен зерттеушілер өт қабын алу (холецистэктомия) процедурасын көрсететін 34 демонстрациялық операция жасады. Бұл операцияларды кәсіби хирург орындаған. Ал жалпы ұзақтығы 17 сағаттан асатын бейнематериал арнайы белгіленіп, жасанды интеллектті үйретуге қолданылды. Осыдан кейін ИИ тәжірибелік шошқаларға осыған ұқсас сегіз ота жасады.
«Бұл жаңалық – тек дәрігердің айтқанын орындайтын роботтардан, енді операцияны өзі түсініп жасай алатын ақылды машиналарға көшу деген сөз. Бұл бізді науқаспен жұмыс істеу кезінде күтпеген қиын жағдайларда да өз бетінше әрекет ете алатын толықтай дербес хирургиялық жүйелерге бір қадам жақындатады», – деді Аксель Кригер.
Ғалымдардың айтуынша, барлық жағдайда робот-хирург тапсырманы сәтті орындап, холецистэктомияға қажетті 17 әрекетті толық әрі дұрыс жүзеге асырды. Тіпті әр жануардың анатомиясы әртүрлі болғанына қарамастан сәтті жасаған.
Кригер мен оның әріптестерінің пікірінше, бұл жетістік адам көмегінсіз күрделі операцияларды орындай алатын толық автономды хирургиялық роботтарды жасау жолындағы үлкен қадам.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!