Орталық Азия аумағының 70%-ы шөл, жартылай шөл мен қуаң даладан тұрады. Бұған қарамастан аймақта жан басына шаққандағы су жинау көлемі Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан да аз. Сондықтан сарапшылар мұнда су тапшылығы салдарынан соғыс болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Политпросвет.kz Telegram-арнасының мәліметінше Орталық Азиядағы су қорының негізгі бөлігі Қырғызстан, Тәжікстан мен Ауғанстан тауларында түзіледі екен. Бұл су қоры негізгі екі өзен арқылы Қазақстан, Түркіменстан мен Өзбекстан аумағы арқылы ағып өтеді.

Worldwater.org сайтында біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жылдан бастап су қоры үшін болған барлық 1298 соғыстың картасы көрсетіліпті. Картадан аймақта қарулы қақтығыстардың жиі болғанын көруге болады. Сонымен қатар сарапшылар Қытай мен Ауғанстан сынды елдермен көрші болу Қазақстан үшін су қоры қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Сондықтан алда орын алуы мүмкін мәселелерді шешу жолдарын қазірден іздеу керек дейді.


Сарапшылар 2023 жылдың мамырында Иран мен Ауғанстан арасындағы қақтығысты да қалыс қалдырмады. Аталған дауға Гильменд өзенінде су жинауға қатысты тайталас себеп болды. Бұдан бөлек КСРО тараған соң көрші елдер арасында 22 жанжал туындаған. Ал қақтығыстар құрбанының саны бірнеше жүз адамға жеткен.

«Орталық Азиядағы су жанжалдары» жұмысындағы кестеге сүйенсек Қазақстандағы қалпына келетін су қоры 20% болса, Өзбекстан еншісінде 120%-ы бар екен.

Еске салайық, бұған дейін эколог, БҰҰ сарапшысы Вадим Ни Қазақстандағы су проблемасы мен келешекте туындауы мүмкін қауіп-қатер туралы айтқан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!