SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сауд Арабиясы бір жыл ішінде орындалған өлім жазалары саны бойынша өз тарихындағы рекордты жаңартты. Құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, жазалардың басым бөлігі есірткіге қатысты қылмыстар үшін жүзеге асқан.
BBC мәліметіне сүйенген Reprieve британдық құқық қорғау ұйымы биыл корольдікте кемінде 347 адам өлім жазасына кесілгенін тіркеген. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 345 үкімнен асып түсіп, бақылау басталғалы бергі ең қанды жыл ретінде бағаланып отыр.
Соңғы үкімдер есірткі қылмыстары үшін сотталған Пәкістанның екі азаматына қатысты орындалған. Бұған дейін билік журналисті, сондай-ақ наразылық акцияларына қатысы бар деген айыппен, қылмыс жасалды делінген кезде кәмелетке толмаған екі жасты өлім жазасына кескен. Сонымен қатар бес әйел де жазаланған.
Ұйым дерегінше, өлім жазасына кесілгендердің шамамен үштен екісі есірткіге байланысты істер бойынша сотталған. Бұл БҰҰ пікірінше, халықаралық құқық нормалары мен стандарттарына сәйкес келмейді. Сондай-ақ жазаланғандардың жартысынан астамы – шетел азаматтары.
Сауд Арабиясының ресми билігі өлім жазалары санының күрт өсуіне қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Басылым еске салғандай, 2017 жылдан бері тақ мұрагері атанған Мұхаммед бин Салман елде ауқымды реформалар жүргізіп, бірқатар әлеуметтік шектеулерді жұмсартты. Әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат берілді, діни полицияның ықпалы азайды, корольдік сыртқы әлемге ашыла түсті.
Алайда Human Rights Watch ұйымының бағалауынша, елдегі адам құқықтарының жағдайы әлі де алаңдатарлық деңгейде, ал өлім жазасының жоғары көрсеткіші халықаралық қауымдастықты қатты алаңдатып отыр. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, соңғы жылдары тек Қытай мен Иранда ғана өлім жазасы бұдан көп орындалған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
