Қостанай облысындағы «Қайрақ» шекара бекетінде ресейліктен Kinder шоколадына тығылған есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қарабалық аудандық полиция қызметкерлері және Қостанай облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері «Қарасора 2023» жедел алдын алу шарасы аясында ресейліктен есірткі заттарын тәркіледі. Ол марихуананы шекарадан «Kinder сюрприз» шоколадына салып өткізбек болған.

«Ресейге қарай шекараны кесіп өткен жолаушыны тексеру кезінде қызметтік-іздестіру иті есірткінің иісін сезді. «Сізде тыйым салынған заттар бар ма?» деген сұраққа ер адам «иә» деп жауап берді. Есірткі заттары қайда тұрғанын сұрағанда, ол ішінде үш грамм марихуана болған «Kinder тосын сыйын» берді», – деді облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.

Қазіргі уақытта екі бап – ҚР ҚК 286 «Контрабанда әрекеті», сондай-ақ ҚР ҚК 296-бабы «Есірткі құралдарын сақтау» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қарасора» жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері полицейлер заңсыз айналымнан 10 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркілеген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!