Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Бүгін «Jibek Joly» арнасында «Silk Way Star» халықаралық вокалдық байқауының алғашқы шығарылымы көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Жоба Қытай, Малайзия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген талантты әртістерді бір сахнада тоғыстырды.
Бүгін байқау қатысушылары өз репертуарларынан ана тілдерінде ән шырқады және өз елдерін таныстырды. Алғашқы шығарылымда ешбір қатысушы жарыстан шығарылмайды, барлығы келесі кезеңге жолдама алды.
Қазақстан атынан сахнада танымал вокалист Батырхан Мәліков (Alem) өнер көрсетіп, хитке айналған «Kuiim» әнін орындады. Алғашқы кезең нәтижесі бойынша Б. Мәліков 7-орында тұр.
Қазылар алқасының бағалауынша, бұл кезеңде малайзиялық әнші Yazmin Aziz 126 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында өзбекстандық Мадинабону Әділова (122), үшінші және төртінші орында — 120 ұпаймен түрікменстандық Довран Шаммыев және грузиялық Автандил Абесламидзе тұр.
Бесінші және алтыншы орында 114 ұпай алған Чжан Хэсюань қырғызстандық рэп орындаушы Тамга мен қытайлық Чжан Хэсюань тұр.
Жетінші орында — қазақстандық Батырхан Мәліков, сегізінші және тоғызыншы орында — 106 ұпай алған тәжікстандық Фахриддин Хакимов пен армениялық Саро Геворгян бар.
Оныншы және он бірінші орындарды — 104 ұпай алған моңғолиялық Мишель Джозеф пен әзербайжандық Сабина Заде иеленді.
Ең соңғы он екінші орын әзірге Kandis деп аталатын оңтүстіккореялық R& B/нео-соул/хип-хоп тобында. Олар 92 ұпай алды.
Айта кетейік, Silk Way Star мега жобасы 12 елдің телеарнасынан бірдей көрсетіледі. Silk Way Star қазірдің өзінде «Еуразияның жаңа мәдени бренді» атанып отыр. Жоба жылдың ең жарқын музыкалық оқиғаларының біріне айналады деп күтілуде.
Жеңімпазды барлық қатысушы елдерден құралған халықаралық қазылар алқасы анықтайды. Оған SILK WAY STAR ерекше атағы беріліп, өнерін жаһандық сахнада таныту мүмкіндігі ұсынылады. Шоудың финалы 22 қарашада халықаралық трансляциямен тікелей эфир форматында өтеді.
Байқау форматында 10 бағдарлама жоспарланған, ал жеңімпаз 50% — қазылар шешімі, 50% — көрермендердің онлайн дауыс беру нәтижесінде анықталады. Жобаны 1 млрд-тан астам көрермен тамашалайды деп болжанып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!