Торонто қаласындағы Лестер Пирсон әуежайында Delta Airlines әуе компаниясына тиесілі Миннеаполистен ұшып келген ұшақ аударылып кетті. Оқиға дүйсенбі, 17 ақпан күні ұшақтың қонуы кезінде болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы DW сайтына сілтеп.
Ақпарат көздеріне сүйенсек, апаттың салдарынан сегіз адам жарақат алған. Олардың үшеуі — бала және екі ересек жолаушы — ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді. Bombardier CRJ 900 ұшағында барлығы 76 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болған. Әуежайдың мәліметінше, мерт болған ешкім жоқ.
Delta Airlines өкілдері рейс Endeavor Air әуе компаниясы тарапынан жүзеге асырылғанын нақтылады. Ол компанияның Миннеаполисте орналасқан еншілес ұйымы.
Әуежайдан түсірілген фото және видео материалдарда ұшақтан көтерілген түтін клубтары көрінеді, бірақ ірі өрт туралы хабарланған жоқ. Ал ұшақта болған адамдар өздері аударылған ұшақтан шығып кеткенін жергілікті полиция өкілі Сара Паттен Reuters агенттігіне хабарлады.
«Ұшақ апаты болды. Бірақ қазіргі уақытта оның себебі туралы бізде ақпарат жоқ. Менің білуімше, жолаушылардың көбісі ұшақтан шығып, аман қалды, бірақ біз әлі де осы жағдайды тексеріп жатырмыз, сондықтан біз әлі де оқиға орнында тергеу жүргізудеміщ», — деді полицей.
БАҚ өкілдері соңғы күндерде Торонтода ерекше қарлы боран болғанын атап өтеді. Мәселен, әуежай маңында өткен аптада 53,6 см қар жауған, бұл соңғы үш айдағы жалпы жауған қар мөлшерінен артық.
Айта кетсек, Bombardier — шағын ұшақтар мен бизнес-джеттерді шығаратын канадалық өндіріс компаниясы, олар Солтүстік Америкада өте танымал. Сонымен қатар Bombardier ұшақтары кейбір еуропалық әуе компанияларының әуе парктерінде де бар.
Қаңтар айының соңында Вашингтон маңындағы әуежайда Bombardier CRJ700 ұшағы апаты болды. Ұшақ қону кезінде Black Hawk әскери тікұшағымен ауада соқтығысып, екі ұшақ та Потомак өзеніне құлаған. Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері қаза тапты. Ұшақ жолаушыларының арасында бірнеше бұрынғы ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар болған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!