АҚШ-тың 20 штаты бірігіп, президенттің импортқа жаңа баж салығын енгізуіне жол бермеу үшін Нью-Йорктегі Халықаралық сауда сотына талап арыз түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Reuters агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, ақпан айының ортасында елдің жоғарғы соты бұрын енгізілген баж салығын жойған болатын. Алайда Дональд Трамп көп ұзамай оның орнына жаңа тарифтер енгізді.

Oregon, Нью-Йорк, Калифорния және Аризона штаттарының демократиялық партиядан сайланған бас прокурорлары берген талап арызда Трамптың жаңа тарифтер енгізуге өкілеттігі болмағаны және Жоғарғы соттың шешімін «айналып өтуге» тырысқаны айтылған, – деп жазды The New York Times.

Сонымен қатар жоғары тарифтер қолданылған толық бір жылға жетпейтін уақыттың өзінде компаниялардан қосымша 100 миллиард доллардан астам қаражат жиналған. Енді олар бұл қаражатты қайтаруды талап етіп, бөлек «заңдық күрес» бастап отыр. Ал Трамп әкімшілігі бұл талаптарды елемей келеді.

Президент жаһандық баж салығын енгізу үшін қажет болған барлық тәсілді қолданатынын ашық айтты, – делінген штаттардың сотқа жолдаған талап арызында.

Онда Трамп «шексіз атқарушы билікті пайдалануға тырысып отыр» деп айыпталған.

Көптеген экономистің пікірінше, АҚШ-та бұрын доллар алтынға байланған кезеңдегідей төлем теңгеріміндегі проблема жоқ. Ал импортқа жоғары баж салығын енгізу тек инфляцияның жаңа толқынына әкелуі мүмкін екені талап арызда атап көрсетілген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!