Фото: newsgeorgia.ge
KAZINFORM – Тбилисиде (Грузия) парламент ғимаратының жанында шерушілер мен полиция қызметкерлері арасында қақтығыс болды, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
Тәртіп сақшыларымен төбелес заң шығарушы орган ғимаратының екі жағында болып жатыр. Полиция парламенттің қызметтік кіреберісіне барғысы келген наразылық білдірушілерді күшпен қуып шығуға тырысып жатыр. Тәртіп сақшылары бұрышталған газ қолдануға мәжбүр. Әзірге қамауға алынғандар тіркелген жоқ.
Шерушілерге Грузия президенті Саломе Зурабишвили де қосылды. Ол билікті парламент сайлауын қайта өткізуге шақырды.
Тбилисидегі стихиялы шеру премьер-министр Ираклий Кобахидзенің бейсенбі күні биліктегі «Грузин арманы-Демократиялық Грузия» партиясы Еуроодаққа кіру туралы келіссөздер мәселесін 2028 жылдың соңына дейін күн тәртібіне қоспау және қауымдастық тарапынан бюджеттік гранттардан бас тарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдегеннен кейін басталды.
Үкімет басшысының айтуынша, бұған ЕО-ның диалогты бастау тақырыбы ретінде үнемі бопсалауы, парламент қабылдаған бірқатар заңның күшін жоюды талап етуі және грузин билігіне қарсы санкциялар салуға шақыруы себеп болды.
Бұрын хабарланғандай, билік партиясы ел президенттігіне бұрынғы футболшы Михаил Кавелашвилиді ұсынды.
Грузия оппозициясы 26 қазандағы сайлаудан кейін наразылық шерулерін тұрақты түрде өткізуге уәде берді.
Еске салсақ, Грузия парламенті жалпы отырыста президент сайлауының мерзімін белгіледі.
Дауыс беруге парламенттің 85 депутаты тіркелді. 80 депутат cайлауды 14 желтоқсанда өткізуді қолдап, бірде-бірі қарсылық білдірмеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!