АҚШ-тың Техас штатында су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны кемінде 80 адамға жетті. Бұл туралы CNN телеарнасы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ең көп адам шығыны Керр округінде тіркелген. Бұл аймақта кемінде 68 адамның қаза болғаны ресми түрде расталып отыр. Олардың 28-і — бала. Одан бөлек, Camp Mystic жазғы лагерінен хабарсыз кеткен балалар мен тәрбиешілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Техастың тағы бес округінде 12 адам қаза тапқан.

Еске салайық, 4 шілдеге қараған түні Техастағы Гуадалупа өзені күшті нөсер жауын салдарынан арнасынан асып, жойқын екпінмен төңірекке жайылған болатын. Су деңгейі небәрі 45 минут ішінде 8 метрге көтерілген. Оқиғадан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Техас штатында төтенше жағдай режимін енгізді.

6 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Техас штатындағы алапат су тасқыны салдарынан көптеген адамның, соның ішінде балалардың қаза тапқанына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!