Financial Times хабарламасына сүйенген Aikyn.kz бұндай бас айналдырар соманы алудың шарттарын түсіндіреді.

Әлемнің ең бай адамы Илон Маск Tesla-дағы бас директор қызметінен жалақы немесе дәстүрлі бонустар алмайды. Оның орнына оған Tesla-ның нарықтық құны мен активтерінің өсу көрсеткіштері негізінде компанияның акциялары берілетін болды.

1 трлн доллар сыйақыны алу үшін миллиардер Маск мынадай ірі көрсеткіштерге жету қажет:

1. Tesla-ның нарықтық капитализациясын қазіргі 1,09 трлн доллардан 8,5 трлн долларға дейін өсіру;

2. Сатудың едәуір көбеюі. Автокөлік, роботаксиді, жасанды интеллект негізіндегі роботтарды миллиондаған мөлшерде сату;

3. Таза пайда мен жазылымды активтердің ұлғаюы. Автопилоттық қызметке 10 млн жазылым жинау, роботакси мен роботтардың 1 млн операциясына жеткізу. Пайданы 24 есеге көбейтіп, 400 млрд долларға жеткізу.

«Илонды ұстап қалу және ынталандыру – Tesla үшін аса маңызды. Бұл компанияны тарихтағы ең жоғары бағаланатын дәрежеге жеткізу жолындағы стратегиялық қадам», – дейді Tesla-ның Директорлар кеңесінің төрайымы Робин Денхолм.

Ұсынылған пакет инвесторлардың мүддесіне сай келісілген. Егер компанияның өсімі тоқтаса – Маск ешқандай төлем алмайды. Дегенмен мұндай астрономиялық мәміле әлемдегі ең бай адамның табысына қатысты даулар мен пікірталастарды қайта қоздыруы мүмкін.

2018 жылы қабылданған және Маскке 50 млрд доллар бонус беретін пакет Делавэр штатының сотының шешімімен жойылған болатын. Соттағы ұзақ даулы процестен кейін компания Маскке нарықтық құны 30 млрд доллар болатын 96 млн акция берді.

Егер 2025 жылға арналған жаңа пакет толық орындалса миллиардердің акциялар үлесі 32%-ға көтеріледі. Ал салық пен акция көлемінің ұлғаюын ескерсек, шамамен 25% болады.

Алғашқы межеден өту – 2 трлн доллар. Илон Маск бұл көрсеткішке он жыл ішінде жете алмаса, ештеңе алмайды. Ал әрбір жаңа деңгей (500 млрд, одан әрі 1 трлн АҚШ долл.) – қосымша акция траншы ретінде беріледі. Бірақ ол пайданың немесе сату көрсеткіштерінің бірімен байланысты болуы тиіс.

Барлығы 12 деңгей қарастырылған. Әрқайсысы Tesla акцияларының шамамен 1%-ына тең (35 млн акция). Бірақ бизнесмен ол акцияларды тек 7,5 жылдан кейін ғана сата алады. Онда да әрбір ірі сатылым алдында Директорлар кеңесінің рұқсаты керек.

10 жылдық жоспар аяқталған кезде – Маск 64 жасқа толады. Ол компанияның басқармасында ұзақмерзімді көшбасшылықтың стратегиясын әзірлеуге де қатысуы міндеттеледі. Миллиардер акция бағасын тұрақтандыруға және тұрақты өсімді саясат пен нарықтық кедергілерге қарамастан сақтап қалуға мүдделі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!