KAZINFORM — Америка Құрама Штаттарының Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA) 2009 жылы қабылданған, парниктік газдар шығарындыларын реттеудің құқықтық негізі болған ғылыми қорытындының күшін жойғаны белгілі болды, деп хабарлайды Al Jazeera.
Бұл шешім Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бергі экологиялық саясатты қайта қараудағы ең ірі қадамдардың бірі болды.
Аталған құжат Барак Обама президенттігі кезінде қабылданған. Онда көмірқышқыл газы мен басқа да парниктік газдар халық денсаулығы мен елдің әл-ауқатына қауіп төндіреді деп танылған. Осы қорытынды негізінде «Таза ауа туралы» заң аясында автокөліктерге, электр станцияларына және өзге де шығарындылар көздеріне арналған климаттық нормалар әзірленген еді.
Трамп бұған дейін климаттың өзгеруін «мистификация» және «алаяқтық» деп атап, аталған құжатты «тарихтағы ең үлкен афераның бірі» деген. Ақ үйде сөйлеген сөзінде ол қазба отын ондаған жыл бойы жаһандық экономиканың дамуына ықпал етіп, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалғанын айтты. Құжаттың күшін жоюды ол ел тарихындағы ең ірі дерегуляциялық шара деп атады.
EPA басшысы Ли Зельдин бұл қорытындыны «федералдық климаттық реттеудің іргетасы» деп сипаттады. Оның айтуынша, дәл осы құжат триллиондаған доллар шығын әкелген және автокөлік өнеркәсібі сияқты салаларға зиян тигізген нормалардың негізі болған.
Құжаттың күшін жою жеңіл және жүк көліктеріне қатысты парниктік газдар шығарындыларының федералдық стандарттарын автоматты түрде алып тастайды. Сарапшылар бұл қадам электр станциялары мен мұнай-газ нысандарына қойылатын талаптардың да әлсіреуіне әкелуі мүмкін екенін айтады.
Сонымен қатар, EPA бос жүріс кезінде қозғалтқышты автоматты түрде өшіретін жүйелерді қолданатын автокөлік өндірушілеріне берілетін салықтық ынталандыруларды да тоқтататынын мәлімдеді. Зельдиннің сөзінше, бұл технология жүргізушілер арасында танымал емес.
Шешім сотта даулануы мүмкін. Экологиялық құқық профессоры Энн Карлсонның пікірінше, 2009 жылғы «қауіп туралы қорытындының» күшін жою экологиялық нормаларды қысқартудағы алдыңғы қадамдардан да үлкен құқықтық бейберекетсіздікке әкелуі ықтимал.
Экологиялық ұйымдар бұл шешімді АҚШ тарихындағы федералдық климаттық саясатқа жасалған ең ірі соққы деп бағалады. Олардың айтуынша, соңғы 17 жыл ішінде парниктік газдардың климатқа әсерін дәлелдейтін ғылыми база тек күшейе түскен.
EPA-ның бұрынғы әкімшісі, Джо Байден әкімшілігінде климат жөніндегі кеңесші болған Джина Маккарти бұл әрекетті жауапсыз қадам деп атады. Оның айтуынша, агенттік парниктік газдарды реттеуге міндетті, себебі олардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсері айқын.
Шешімге дейін Трамп 2009 жылғы қорытындының «заңдылығы мен қолданылуын» қайта қарауды талап еткен жарлыққа қол қойған болатын. Консервативті саясаткерлер климаттық нормаларды экономиканы тежейді деп санап, оны ұзақ уақыт бойы жоюды талап етіп келген.
Сенатор-демократ Эд Марки бұл қадамды сынға алып, азаматтардың денсаулығы мен ел болашағына қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, экологиялық кепілдіктерден бас тарту – қоғамдық игіліктен гөрі өнеркәсіп мүддесін жоғары қою.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
