Трамп әкімшілігі АҚШ-тан өз еркімен кететін мигранттарға 1000 доллар беріп, жол пұлына көмектесетінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап. 

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі бір мигранттың ұстап, мәжбүрлеп депортациялауға 17 000 доллар шығын кететінін айтып, аталған шараның үкімет үшін тиімдірек екенін атады.

Америка президенті Дональд Трамп қаңтарда қызметке кіріскен кезде миллиондаған адамды депортациялауға уәде берген, бірақ өзінен бұрынғы президентДжо Байденнен артта қалып отыр. Байден әкімшілігі заңсыз иммиграция көбейген кезде, мәселемен бетпе-бет келіп, шекарадан өткен көптеген адамды кері қайтарған болатын.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, Трамп әкімшілігі 20 қаңтардан бері 152 000 адамды елден шығарған. Ал өткен жылдың ақпан мен сәуір аралығында Байден билігі тұсында 195 000 адам депортацияланған еді.

Трамп әкімшілігі мигранттарды елден өз еркімен кетуге ынталандыру үшін бірқатар шара қабылдады. Оның ішінде ірі айыппұлдар салу, заңды мәртебеден айыру, сондай-ақ мигранттарды Гуантанамо шығанағы мен Сальвадордағы атышулы түрмелерге жабу бар.

Наурыз айында билік «CBP Home» деп аталатын арнайы мобильді қосымшаны іске қосты. Бұрын Байден әкімшілігі бұл қосымшаны «CBP One» деп атап, мигранттардың заңды түрде елге кіруін реттеу үшін пайдаланған. Енді бұл қосымша өз еркімен кеткісі келетіндерге арналып отыр.

Сәуір айында Трамп өз еркімен елден кететіндерге арналған бағдарламасын жариялап, кейін олардың АҚШ-қа қайтып келуіне мүмкіндік берілетінін айтқан, Алайда министрлік оның қалай жүзеге асатынын нақты түсіндірмеді.

Мигранттардың құқығын қорғайтын Make the Road New York ұйымының өкілі Наталья Аристисабаль бұл бағдарламаны сынға алып, «қатаң әрі түсініксіз» деп атады. Ол мигранттардың АҚШ-қа қайта оралғанда қиын кедергілерге ұшырайтынын биліктің ескермей отырғанын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!