Сайлау алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты 24 сағаттың ішінде аяқтайтынын айтқан еді. Алайда сайлауда жеңіске жеткен соң Трамп риторикасын жұмсарта бастады. Әлемдегі қазіргі саяси ахуал қандай? Трамп қалай Израиль мен Хамас арасындағы соғысты тоқатты? BAQ.KZ тілшісі сарапшының пікірін білді.

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп өткен аптада Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетінін айтты. Дегенмен Трамп екі көшбасшы арасындағы нақты келіссөздердің қашан болатынын айтқан жоқ.

Президент Путиннің менімен кездескісі келеді және біз бұл істі ұйымдастырамыз. Ол тіпті бұл туралы көпшілік алдында айтты, біз Украинадағы қанды қақтығысты тоқтатуымыз қажет, – деп мәлімдеді Трамп.

Трамптың Мемлекеттік хатшы қызметіне таңдаған кандидаты Марко Рубио да соғысты дереу тоқтату қажет деген пікірде. Ол Байден әкімшілігін соғысты сағызша созғаны үшін сынға алды.

Владимир Путиннің жасағаны – жағымсыз әрі мүлдем қабылдауға келмейді. Бірақ бұл соғысты тоқтату керек және бұл АҚШ-тың ресми саясаты болуы керек деп санаймын, – дейді Рубио.

Рубио Украина келіссөздерде артықшылыққа ие болуын қалайтынын айтты.

Ресей Федерациясы да, Украина да және Америка Құрама Штаттары да белгілі бір концессияларға баруы ықтимал, – деді Рубио.

Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстың тоқтауына Трамп ықпал етті ме?

Саясаттанушы Талғат Қалиев Израиль мен Хамас арасындағы келісімге Дональд Трамптың командасы қатысқанын айтады.

Жақында Дональд Трамп баспасөз конференциясы кезінде Хамаспен кепілге алынған азаматтарды босату туралы келіссөз жүргізілгенін айтты. Сондықтан Израиль мен ХАМАС Газа секторындағы соғысты тоқтатуға Трамптың тікелей де, жанама да әсері бар деп айтуға болады. Өйткені Дональд Трамп командасы келіссөздер жүргізуге қатысқаны белгілі. Екінші жағынан Хамас Трамптың қызметке ресми түрде кірісер алдында ертерек бейбіт келісім орнатудың тиімді екенін түсінген сияқты. Өйткені АҚШ президенті қаңтардың 20-сынан кейін Хамасқа қысым көрсетуі мүмкін еді, – дейді Қалиев.

Десе де бұл келісім Израиль үшін қолайлы емес. Өйткені тұтқындары әлі қайтарылған жоқ. Саясаттанушы мұның тағы бірінеше себебін түсіндірді.

Бұл келісім Израиль үшін қолайлы деп айта алмаймыз. Өйткені олардың барлық кепілдікке алынған адамдары тұтқыннан босаған жоқ. Бұған қоса, Израиль Хамас ұйымының билік еткен аймақтардағы олардың режимін немесе басқару құрылымын күшпен алып тастай алмады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Палестиналық ұлттық әкімшіліктің билігін толық мойындамады. Енді ХАМАС өз ұстанымын айқындай түспек. Олар гуманитарлық көмекті таратумен айналысады. Бұл елге айтарлықтай әсер ететін фактор. Сонымен қатар Исмаил Ханияның бастауымен Газа секторын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл өз кезегінде үлкен ресурс және үлкен капитал, – деді Талғат Қалиев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!