KAZINFORM — Бұған дейін АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп Канаданы Американың 51-ші штатына айналдыруды «керемет идея» деп санайды деген қауесет тараған болатын. Бұл туралы Kazinform меншікті тілшісі Newsweek-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы жылдың 30 қарашасында Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамппен Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында кездесті. Бұған дейін Трамп егер олар АҚШ шекараларын заңсыз көші-қон және фентанил есірткісінен қорғау бойынша ынтымақтастық орнатпаса, Канада мен Мексикадан келетін тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгіземіз деп қорқытқан болатын.
Аты аталмаған дереккөздердің айтуынша, Трамп егер бұл идея Трюдоға ұнамаса, Канада 51-ші штат, ал Трюдоның өзі штат губернаторы бола отырып, тарифтен құтыла алады деп әзілдеген.
Трамптың жақтастары расталмаған қауесет ретінде қабылданған бұл «жаман» әзілді әлеуметтік желілерде белсенді түрде таратты. Дегенмен, Дональд Трамп өзінің Truth Social қосымшасында Канада туының жанындағы таудың басында тұрып, басқа шыңға (Альпідегі Маттерхорнға ұқсас) қарап тұрған мемді жариялап, астына «О, Канада!» жазбасын қалдырды. Бірақ жағдай жаңаша дамыды.
— Біз Канадаға жылына 100 000 000 доллардан астам соманы неге субсидиялаймыз дегенге неге ешкім жауап бере алмайды? Бұл мағынасыз! Канадалықтардың көбі оның 51-ші штат болғанын қалайды. Олар салықтар мен әскери қорғанысты айтарлықтай үнемдейтін еді. Менің ойымша, бұл тамаша идея. 51-ші штат!!!, — деп жазды Трамп сәрсенбі күні таңертең өзінің «Truth Social» сайтында.
Алайда Канаданың одаққа кіруіне айтарлықтай практикалық және саяси кедергілер бар. The National Post басылымына берген сұхбатында «Elections Canada» (Канада сайлауы) заң кеңесшісі Грегори Тарди бұл идея Канаданың 1982 жылғы Конституциясының 41-бөліміне сәйкес теориялық тұрғыдан мүмкін екенін айтты. Оны жүзеге асыру үшін Канада парламентінің екі палатасы мен елдің барлық 10 провинциясының қолдауы қажет болады. Бұған өзіндік саяси мәдениеті бар және француз тілінде сөйлейтіндердің ықпалына нұқсан келтіретін кез келген нәрсеге қатты күдіктенетін француз тілді Квебек кіреді.
Канада Конституциясы жергілікті халықтардың құқықтарын да қорғайды. Бұл Америка Одағына кіру үшін әртүрлі топтармен кеңесу керек деген сөз. Мұндай консультациялар құқықтық шайқастар тудыруы мүмкін.
Бұл конституциялық талап болмаса да, Квебек 1980 және 1995 жылдары плебисциттер жолы арқылы Канаданың бір бөлігі болып қалуға дауыс берді. Осылайша, прецедент құрылды: конституцияға үлкен өзгерістер енгізу үшін референдумда халықтың мақұлдауы талап етіледі.
Айта кетейік, Джастин Трюдоның танымалдылығы төмендеп келеді — оның рейтингі 30%-ға жақындап қалды.
Сонымен бірге, АҚШ-тың Канаданы жаулап алу әрекетінің тарихы қуанарлық емес. Бұған әрекеттенген соңғы адам — 1812 жылғы соғыс кезінде президент Джеймс Мэдисон болды. Оның бұл әрекетіне британ әскерлері тойтарыс берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!