SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Президенті Дональд Трамп төрағалық ететін «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы отырысы 19 ақпанда Вашингтонда өтуі мүмкін.
Кездесуге Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның қатысатыны расталған. Басқосудың негізгі тақырыбы – Газа секторына қатысты ықтимал бейбіт жоспарды талқылау.
Сонымен қатар алғашқы отырыс аясында Газа секторын қалпына келтіруге арналған қаржы жинау науқаны ұйымдастырылмақ. Алайда іс-шараны дайындау әлі бастапқы кезеңде, күн тәртібі өзгеруі мүмкін.
Axios басылымының дерегінше, «әзірге ештеңе түпкілікті бекітілген жоқ, бірақ АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі кездесуді өткізу мүмкіндігін қарастырып, оған қай елдердің басшылары қатыса алатынын пысықтап жатыр».
Отырысты Вашингтондағы АҚШ Бейбітшілік институтында өткізу жоспарланған. Бұл мекеме 2025 жылдың желтоқсанында «Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институты» болып қайта аталған. Ақ үй бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Қазіргі таңда Дональд Трамп төрағалық ететін «Бейбітшілік кеңесінің» құрамында 27 қатысушы бар. Кеңес 2026 жылдың қаңтарында Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында құрылған.
Батыстың бірқатар елдері бұл бастамаға күмәнмен қарап, жаңа формат Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдарына балама тетікке айналуы мүмкін деген пікір білдірген.
Қаңтар айында Қазақстанға да «Бейбітшілік кеңесінің» құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылған. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәкістандық «TheNewsInternational» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында Кеңесті құру бастамасына қатысты өз ұстанымын білдірген болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
