Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптан Газа бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесі құрамына кіруге ресми шақырту алды, ал Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болу ұсынылды. Бұл туралы Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
АҚШ президенті Газа бойынша Бейбітшілік кеңесін құрып жатыр. Құрылтайшы елдер ретінде қатысуға шақырту бірқатар мемлекеттің басшыларына жіберілді. Аргентина, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия осындай ұсыныстар алғанын растап, қабылдауға келісім берді.
Шақырту Франция, Германия және БАӘ басшыларына да жіберілген, бірақ олар әлі ресми растаған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеп, Газадағы жағдай туралы айтты.
«Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз», – деді Тоқаев бұған дейін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
