АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагонға Украинаға бағытталған барлық әскери көмекті тоқтата тұруды тапсырды. Бұл туралы Bloomberg жазды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

АҚШ Қорғаныс министрлігіндегі шенеуніктің айтуынша, Трамп қорғаныс министрі Пит Хегсетке барлық америкалық әскери техниканы жеткізуді тоқтата тұруды тапсырған. Ұшақтармен, кемелермен тасымалданып жатқан немесе Польшадағы транзиттік аймақта күтілетін қару туралы сөз болып отыр.

Бұл шешім Трамп Киев «бейбітшілікке бейіл екенін көрсетті» деп шешкенге дейін күшінде болады.

Бұған дейін не болды?

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйге 28 ақпанда АҚШ-қа Украинаның табиғи ресурстарына құқық беретін келісімге қол қою үшін келетінін мәлімдеді.

28 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа ресми сапармен барды. Оның ұшағы Joint Base Andrews әуе базасына қонды.

Алайда 28 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамппен және АҚШ вице-президенті Дж.Д. Вэнспен жанжалдан кейін Ақ үйден шұғыл кетті.

Трамп Украина басшысы АҚШ-ты құрметтемейтінін және бейбітшілікке дайын емес екенін мәлімдеді. Кейін көптеген еуропалық көшбасшы, сондай-ақ, ЕО басшылары Зеленский мен Украинаны ашық қолдады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!