Іnbusiness. Түркия бұдан былай оқулықтарда Орталық Азияны Түркістан деп жалпылай атауға шешім қабылдады. Осы арқылы тарихи әділеттілік қалпына келтіріліпті.

Түрік мемлекетінің (Türkiye Cumhuriyeti) Ұлттық білім министрлігі «Түркістан» деген терминді орта мектептердің және жоғарғы оқу орындарының білім бағдарламаларына енгізді. Бұл атау енді Батыс таңған «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылады.

ТР білім министрі Юсуф Текин бұл өзгеріс туралы Анкарада ақпарат құралдарына жария етті. Ведомство басшысының дәйектеуінше, бұл қадам «түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге» септеседі.

Сондай-ақ, Түркия мұны «бөгде империялар таңған және отаршылдық мақсатында қолданған географиялық жат атауларды оқулықтардан алып тастау саясаты» аясында жүзеге асыруда.

Министр оқу бағдарламасы Түркияның төл тарихи лексикасына құрылуға тиістігін нықтады. Сонымен бірге, байырғы замандардан бері бар Түркістан атауы – Түркі әлемі деген терминмен әдемі қабысып, үйлесім тауып жатыр.

Түріктің Turkish Minute басылымының жазуынша, Түркістан термині тек Қазақстандағы бір қаланы ғана білдірмеген, ол «Қытай, Ресей және Орталық Азия республикаларының қазіргі заманғы шекаралары қалыптасқанға дейін Ұлы дала мен Тұран өлкесін мекен еткен түркітілдес халықтардың ен жайлаған тарихи территориясын бейнелеген».

«Ұлттық білім министрі Түркияның бұрынғы үкіметтері түрік оқушылары мен студенттерінің санасына жатжұрттық концепцияларды сіңіруге көз жұма қарап, жол беріп келгеніне назар аудартты. Оның байламынша, «Түркістан» деген сөз құлаққа түрпідей тимейді, жағымды естіледі және бұл өңірді түрік жастарына етене жақын ете түседі. «Түркістан» термині Қазақстанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Түрікменстанға және Тәжікстанға қатысты болады. Бұл терминді сондай-ақ Шыңжаң өңіріндегі ұйғыр ұлыстары да пайдаланады», – деп жазды Turkish Minute.

Басылымның тұжырымдауынша, бұл өзгеріс Анкараның Түркияны барша түркітілдес мемлекеттердің мәдени орталығы ретінде ілгерілетуге деген ұмтылысымен ұштасып жатыр.

Өз кезегінде ел Президентінің коммуникациялар жөніндегі басшысы Бурханеттин Дуран (Cumhurbaşkanlığı İletişim Başkanı Burhanettin Duran) түрік лидері Реджеп Тайып Ердоғанның бастамасымен, Түркістан республикаларының кітаптарын «ортақ түркі әліпбиінде» басу жұмысы басталғанын еске салды.

Бұл да түркі әлемін топтастыру бағытындағы құнды қадамның бірі деп танылды. Дуранның түсіндіруінше, бірыңғай түркі алфавиті елдеріміздің коммуникациялар мен БАҚ саласында бірлесе жұмыс істеуіне жаңа өрістерді ашады, тың мүмкіндіктер береді.

Сарапшының мәліметінше, бүгінде Түркі әлемі 300 миллионнан астам адамды қамтиды. Олар Түркістаннан Кавказға дейінгі 4,5 миллион шаршы шақырымды алып жатқан ұланғайыр аумақта өмір сүруде.

Жалпы, қазақстандық тарихшылар да біздің аймақ бертінге дейін – «Орта Азия» не «Орталық Азия» деп аталмағанын, бұл ұғымдардың сырттан таңылғанын қаперге салды.

«Орталық Азия» деген сөзді алғаш рет неміс географы Александр фон Гумбольдт 1843 жылы сынақ ретінде өз еңбегінде қолданған екен. Ал, қазіргі түсініктегі «Орталық Азия» деген ғылыми негізделген термин тек XIX ғасырдың соңында – XX ғасырдың басында неміс географы және саяхатшысы Фердинанд фон Рихтгофеннің еңбегінде пайда болды. Сол арқылы Ішкі Азия батыс және шығыс бөлікке ажыратып тасталды.

Оның үстіне әлі күнге Ресейде қолданылатын «Орта Азия» термині тек бертінде, кеңес заманында ғана ойлап табылған. Тіпті патшалық Ресей империясының өзі бұл аймақты «Түркістан» деп атады.

Тиісінше, кейін өңірді тегіс отарлағаннан кейін Қазақстан мен Өзбекстандағы хандықтарды түпкілікті жойып, өзгесімен қоса «Түркістан генерал-губернаторлығы» дегенді құрды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!